Жүздеген түрлі ұлт пен ұлыс мекендейтін елімізде екі түрлі ұлт өкілдерінің шаңырақ көтеруі сирек кездесетін құбылыс емес. Интернационалды жанұялардың ішінде отбасы құндылықтарын сақтай отырып, кішіпейілділік, қонақжайлылық, мейірімділік, жақсыға құштарлықты бойға сіңірген, татулықты ту еткен үлгілі отбасылар да баршылық. Бір шаңырақ астында береке-бірлікте ғұмыр кешіп жатқан сондай отбасылардың бірі, Сұлутөр ауылының тұрғындары – Пашков әулеті.
Отағасы Александрдың әкесі – орыс, анасы – қазақ. Ал жұбайы Айжан Оразхан – қазақтың қаракөзі. Бұл жанұяның шаңырақ көтергеніне биыл 12 жыл. Жастар ең алғаш Алматы қаласында танысқан. Кейіннен отау құрып, ақ некелерін қиған соң ауылдағы қара шаңыраққа келеді. Бүгінгі таңда көпбалалы отбасы атанған олар екі ұл, үш қыз тәрбиелеуде.
Александр Пашков «Қазақгаз» компаниясында слесарь болып қызмет атқарады. Жары Айжан Сұлутөр ауылдық округі әкімінің хатшысы лауазымын атқарып қана қоймай, жұмыстан тыс уақытта қолдан пісірген тағамдарын ауыл тұрғындарына ұсынып, қосымша табыс көзін таба білген іскер әйел.
Ұлты орыс болса да мемлекеттік тілді еркін меңгерген Александрдың жанұясы қазақы салт-дәстүрді де толығымен ұстанады. Анасы қазақ, өзі де бала кезінен қазақы ортада өскендіктен, оның қазақ тіліне, әдет-ғұрпына деген құрметі ерекше. Таяуда ғана, ұлына исі мұсылманға тән құбылыс – сүндеттеу рәсімінің өткізілгенін тілге тиек етті.
Сұлутөрлік Пашковтар отбасы халық бірлігінің, ынтымағының нышаны іспеттес. Жұбайлар махаббат пен сыйластық бар жерде ештеңе кедергі бола алмайды, деген ойда.
Ендеше, өздерінің кішкентай әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ