«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»

0

Көктем келісімен жер бетінің жаңарып, айналаның ажарлана түсетіні табиғат заңдылығы. Ендеше «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін халық үшін бұл туған ауылды тазартып, айналаны абаттандыруға білек сыбана кірісетін уақыт. Осындай қолайлы сәтті қалт жібермеген қордайлықтар керек-жарағымен қаруланып, жаппай сенбілікке кірісті.

Естеріңізде болса, республика көлемінде басталған «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тауып келеді. Осы акция аясында сенбі күні «Таза өлке» тақырыбында ауыл-аймақ қоқыстан тазаланып, ағаш көшеттері де егілді. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов бастаған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, түрлі кәсіпорын ұжымдары «Болашақ» ықшам ауданында 500-ге жуық қарағаш көшетін ексе, өзге де мекеме, коммерциялық құрылым ұжымдары абаттандыруға атсалысып, өздеріне тиесілі жер учаскелерін жөнге келтірді. Осылайша ауылдарын қоқыстан тазартқан қордайлықтар үлкен сауапты істі атқарды.

Мамандардың берген мәліметінше, бұл күнгі тазалық жұмыстарына аудан бойынша екі мыңға жуық адам қатысып, ондаған тонна күл-қоқыс қалдықтары шығарылды.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.