ТАЗАЛЫҚ – МӘДЕНИЕТ ӨЛШЕМІ

0

Бүгінгі күні күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі – тазалық болып отыр. Дана халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық, денсаулық кепілі – тазалық» демекші, көше бойындағы күл-қоқыстардың өзі адам денсаулығына кері әсер ететінін естен шығармағанымыз жөн.

Өздеріңізге белгілі 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын еліміздің барлық аймақтарын қамтыған нағыз халықтық қозғалысқа айналды деуге болады. Тазалық үлкен-кіші, жас-кәрі деп талғамайды. Баршамызға Жер-ана топырағы, Тәңірдің берген ауа, туған жер ортақ. Ал, туған өлкеге, кіндік қаның тамған жерге деген сүйіспеншілік тазалықтан бастау алады. Ауданымызда экологиялық іс-шараларға жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, белсенділер мен түрлі мекеме қызметкерлері де атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы ретте ауданымызда тазалыққа тікелей жауап беретін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнына артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Күн-түн демей,  тынымсыз жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегі орасан. Олар ел ұйқыда жатқанда жұмысқа кірісіп, кешке дейін үздіксіз қызмет етеді.

Шаруашылық кәсіпорнының қысы-жазы атқаратыны аудан орталығын мұз бен қардан, қоқыстан тазарту, шөп шабу одан бөлек көшелерді жуып, шаю, су себу секілді қызметі бар. Мұның бәрін атқарып жүрген техника мен тазалықшыларды аудан көшелерінен кездестіру қиын емес. Аталмыш кәсіпорын аудан орталығы бойынша тазалыққа жауапты арнайы техникасы бар мамандандырылған бірден-бір мекеме саналады. Кәсіпорынның бүгінде 80 қызметкері, 20 техникасы және жауапкершілігіне берілген 114 көшесі бар. Ал аудан орталығындағы 114 көшенің тап-таза тұруы осы жұмыс күшінің мойнында.

Соңғы жылдары тазалыққа мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатса да, жұртшылықты тазалыққа үйрету оңай болмай отырғаны ащы да болса шындық. Таңертең үйінен шыға бере аулаға қоқыс тастап кетуден бастап, көшеде жүріп-тұруды білмейтін жастар мен бүлдіршіндер кез келген жерге тұрмыстық қалдықтарды тастап кетуден алдына жан салмай келеді. Кәсіпорын директоры Қуаныш Байжігітов аудан тұрғындарын барынша тазалық сақтауға шақырады. Расында, сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын аудан тазалығы – баршамызға ортақ. Тазалық кәсіпорнының  қызметкерлері де осыны көпшілік түсінсе екен дейді.

Туған табиғатты күтіп, аялап ұстау аса маңызды. Өйткені, біздің денсаулығымыз, салауатты өмір сүруіміз табиғатпен тікелей байланысты. Жас ұрпақ осыны сезініп, түсінуі қажет.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.