ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУ БОЛАДЫ

0

«Тазалық – денсаулық кепілі», «Ауылына қарап азаматын таны» деп қаншама қайталасақ та, әлі де болса тазалыққа самарқау қарап, қаперге ала бермейтіндер көп. 1 наурызда бастау алған көктемгі абаттандыру және тазалық екіайлығы барысында сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан әкім Бегзат Болатбеков бас болып санитарлық жұмыстарға ерекше талап қойылуда. Жақында ғана сатып алынған арнайы көше жуатын көлік те осының айғағы. Ауылымыздың айнадай болып, көрген адам қызығатындай тазалығына барлық тұрғындар жауапты екенін ескерткенді жөн көрдік.
18 наурыз күні осындай сенбіліктер жалғасын тауып, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков арнайы келіп қатысты. Ауыл ажарын ашатын тазалықпен қатар, ағаш отырғызу мәселесіне биыл ерекше көңіл бөлінуде. Аудан басшысының тапсырмасымен аудан орталығына, біздің климатымыз бен жердің ерекшелігіне мән беріліп, осыны жерсінеді, өседі деген ағаш көшеттері ғана алынған. Олар кәдімгі емен ағашының көшеттері. Аудан әкімінің бастамасымен әкелінген 1000 көшет енді аудан көркіне айналмақ. Мекеме мен ұйымдардың қызметкерлері жұмылдырылған сенбілік серпіні тамаша болды.
«Көктем айларында көшеттер отырғызылады, одан кейін барлығы ұмыт қалады. Оны күту, суару, баптау мәселесіне мән берілмей келеді. Бүгіннен бастап ауылдың орталығына сән беретін, экологиялық, эстетикалық тұрғыдан да барлық талапқа сай ағаштарды өсіру үшін арнайы тапсырма беремін. Абаттандыру жұмысы есеп үшін емес, ертеңгі болашақ үшін, ауыл ажары, ауа тазалығы үшін болуы керек», — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес аталмыш Жібек жолы көшесі бірнеше бөлікке бөлініп, сол орындарға отырғызылған жасыл желекке үнемі қарап, суару, әктеу, баптау жүргізуге жауаптылар бекітілген. Яғни, бекітіліп берілген аумақтағы тал-дарақтарды күтіп-баптау енді үнемі қадағаланып отыратын болады.
Наурыз айы басталғалы бері үшінші рет ұйымдастырылған сенбілік жалпы аудан бойынша өткізіліп жатыр. Мыңдаған тал-дарақтар отырғызылып, тонналап қоқыс шығарылып, ағаш қурандылары шабылып, арықтар тазалануда. Бұл жұмыстар мамыр айының 1 жұлдызына дейін жалғасатын болады. Айта кетейік, тазалық жұмыстары жыл бойы аудан басшысы тарапынан қатаң қалағалауда болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.