ТЕЅДІК ОРНЫҚТЫ ДАМУҒА БАСТАЙДЫ

0

Осыдан жеті жыл бұрын БҰҰ-ның мерейтойлық саммитінде 193 елдің көшбасшылары «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» құжаты ретінде Орнықты даму саласындағы мақсаттарды (ОДМ) қабылдады. ОДМ-ды іске асыру қазіргі заманғы сын-қатерлер мен проблемаларды шешу, мемлекеттер халқының өмір сүру сапасын жақсарту жолымен әлем елдерін орнықты және тұрақты даму жолына шығаруға тиіс.
Құжатта 2030 жылға қарай қол жеткізу болжанып отырған 17 жаһандық мақсат, 169 тиісті міндет және 242 индикатор қамтылған. ОДМ-ды сипаттайтын үш түйінді қағида бар: әмбебаптылық – ОДМ барлық елдегі адамдарға қолданылады, кешенді тәсіл – егер ОДМ бір-бірінен бөлек жүзеге асырылатын болса, орнықты даму саласындағы күн тәртібі тиімді орындалмайды, ешкімді артта қалдырмау – пайда мен артықшылықтар алуда осал топтардың басымдығына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар көп жоспарлы міндеттер мен индикаторлар санының көптігін, олардың өзара байланысын ескерсек, ОДМ-ға қол жеткізу процесі көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан әрбір ел ұлттық деңгейде сын-қатерлер мен тосқауылдарды еңсере отырып, өз ерекшелігіне қарай ОДМ-ды іске асырудың өзіндік бірегей жолын таңдайды. Бұл ретте басқа ОДМ-ға ертерек немесе аз шығынмен қол жеткізуге көмектесетін, жалпыға бірдей танылған ОДМ үдеткіштері мен акселераторының бірі ретінде гендерлік теңдік немесе №5 ОДМ саналады.
Бұл факт гендерлік теңдік факторының экономика мен әлеуметтік салаға оң әсерін көрсететін көптеген зерделеу мен түрлі саладағы зерттеулермен расталып отыр. Атап айтқанда, қоғамда гендерлік теңдіктің болмауы жұмыскерлерді жалдау кезінде қабілетті әрі дарынды үміткерлерді таңдаудың шектелуіне байланысты адами капиталдың азаюы арқылы экономикаға кері әсерін тигізетіні расталды. Өз кезегінде бұл экономикада кәсіпкерлік пен экономикалық әртараптандыру үшін аса маңызды жаңа идеялардың пайда болуына кедергі келтіреді. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес еңбек нарығындағы гендерлік алшақтықты қысқарту 2025 жылға қарай жаһандық жұмыспен қамтылуды 189 млн адамға немесе 5,3%-ға арттыруы мүмкін. Бұл 2025 жылы әлемдік ІЖӨ-ні 3,9%-ға немесе 5,8 трлн долларға арттыра алар еді. Бұдан ең көп пайданы гендерлік алшақтығы аса үлкен өңірлер, атап айтқанда, Солтүстік Африка (ІЖӨ-нің 9,5%-ға артуы), Араб мемлекеттері (ІЖӨ-нің 7,1%-ға артуы) және Оңтүстік Азия (ІЖӨ-нің 9,2%-ға артуы) көреді.
Әйелдер ауыл шаруашылығында маңызды рөл атқарады. Мәселен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағалауы бойынша егер бүкіл әлемдегі әйелдер өндірістік ресурстар мен мүмкіндіктерге дәл ерлер сияқты қол жеткізе алса, онда олар өздерінің ферма шаруашылықтарының өнімділігін 20-30%-ға арттыратын немесе 100-ден 150 млн-ға дейін адамды аштықтан құтқара алатын еді.
Әйелдердің саяси процестерге қатысуы да тиімді қоғамдастықтар құрудың ажырамас бөлігі саналады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әйел парламентшілер білім беру, денсаулық сақтау, бала күтімі, жұмыс орындары, зейнетақымен қамсыздандыру және кедейлікті азайту сияқты адами капиталды жақсарту және өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне басымдық беруге бейім. Мысалы, 1980 жылдан 2011 жылға дейінгі кезеңде ЭЫДҰ-ның 27 еліндегі мемлекеттік шығыстарға жасалған талдау парламенттердегі әйелдердің саяси өкілдігі отбасылық жәрдемақыларға арналған жоғары шығыстармен оң байланысын көрсетеді (Ennser-Jedenastik, 2017).
Тікелей әсер етуден басқа, гендерлік теңдік балалардың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай жанама үлес қосады. Көптеген эмпирикалық дерек әйелдердің кірістер мен ресурстарға қол жеткізуінің кеңеюі, тамақтану мен білім берудің жақсаруы олардың балаларының денсаулығы мен біліміне қатысты жоғары нәтижелерге әкелетінін көрсетеді.
Ғалымдар 1970 жылдан 2009 жылға дейінгі кезеңдегі 175 елдің деректерін (Gakidou et al. 2010) қолдана отырып, ұрпақ әкелетін жастағы әйелдерді оқытумен жылына балалар өлімі 9,5%-ға төмендейтінін анықтады. Керісінше, әйелдер кедейлік пен жұмыссыздыққа тап болған кезде ерте жастағы балалардың дамуына теріс әсерін тигізеді.
Жалпы алғанда, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын қамтамасыз ету кедейлікті жою (№1 ОДМ), тамақтануды жақсарту (№2 ОДМ), саламатты өмір салтын қамтамасыз ету (№3 ОДМ) және білім беру сапасы (4 ОДМ), таза суға және санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету (6 ОДМ), экономикалық өсуге және жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу (8 ОДМ) және басқа да мақсатқа қол жеткізу үшін маңызды мәнге ие.
Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша көптеген мемлекетте ерлер мен әйелдердің тиісті тең құқығының жоқтығынан және әйелдер әлеуетінің толық іске асырылмауынан әлем 30 трлн долларға дейін жоғалтады.
Жаһандық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде Қазақстан да ОДМ-ды іске асырумен мақсатты түрде айналысады. Күш-жігерді шоғырландыру үшін Қазақстан Үкіметінің жанынан ОДМ-ды іске асырудың негізгі бағыттары жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды. Бұл – ОДМ-ды ілгерілету бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін құрылған консультативтік-кеңесші орган.
Елдің негізгі стратегиялық құжаттарында белгіленген басымдықтар мен міндеттердің барлығы дерлік ОДМ-ға сәйкес келеді. Нәтижесінде, 2019 жылы жүргізілген кешенді бағалау ОДМ-ның 80%-ға жуығы ұлттық стратегиялық құжаттармен үйлесетінін көрсетті. Бұл ретте гендерлік теңдіктің «толассыз тәсілін» және басқа мақсаттарға қатысты оның «акселератор» мәртебесін түсіне отырып, Қазақстан №5 ОДМ-ға қол жеткізуде белсенді шаралар қабылдауда.
Кейінгі онжылдықта елімізде ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету саласында көптеген реформа жүргізілді. Гендерлік теңдікті дамытуға қатысты бірқатар халықаралық уағдаластық бойынша міндеттемелер қабылданды және іске асырылды. Оның ішінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы БҰҰ Конвенциясы (CEDAW), Бейжің декларациясы және іс-қимыл платформасы, Мыңжылдық декларациясындағы даму мақсаттары және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттары бар.
2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Онда мемлекет, жеке сектор және азаматтық қоғам үшін ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікке қол жеткізу жөніндегі міндеттер көрініс тапты. Тұжырымдамада гендерлік саясат саласында заңнаманы жетілдіру және БҰҰ, ОДМ және ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен ұсынымдарын практикаға енгізу бойынша шаралар кешені көзделген.
Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына экономика мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы қоғамның көрнекті өкілдері кіреді. Ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерді, бала тууға байланысты демалыстағы әйелдерді, сондай-ақ көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді әлеуметтік қорғау бойынша барынша мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіліп отыр. Бала туу және бала асырап алу кезінде біржолғы материалдық қолдау жүйесі, аналар мен әкелердің гендерлік теңдігін қамтамасыз ете отырып және күтуші ата-ананың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қосатын үлесіне қарай бір жасқа дейінгі бала күтімі кезінде отбасын материалдық қолдау жүйесі құрылды.
Бүгінде әйелдер жұмыспен қамтылған халықтың 48,2%-ын құрайды. Нәтижесінде, 2019 жылы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Жұмыс істейтін әйелдер, ерлерге қарағандағы үлес» көрсеткіші бойынша Қазақстан 26-орынды иеленді (салыстырма үшін Ресей – 45-орын, Украина – 46-орын).
Әйелдердің белсенді рөлі кәсіпкерлікте де көрінеді. Бүгінде Қазақстандағы әйелдердің бизнестегі үлесі 43,3%-ды құрайды. Бұл ретте 2020 жылдың қорытындысы бойынша әйелдер барлық кәсіпорынның үштен біріне жуығының басшылары екені белгілі. Оның ішінде 28,3%-ы шағын кәсіпорындарды, 33,2%-ы орта кәсіпорындарды және 18%-ы ірі кәсіпорындарды басқарады.
Қазақстандық әйелдер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуда. Мәселен, бүгінде Қазақстан парламентінің төменгі палатасында әйелдердің үлесі 26,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 17,8%-дан аспаған. Саяси лауазымдарды 65 әйел атқарады. Олардың арасында агенттіктердің төрағалары, министрлер мен вице-министрлер, Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Төтенше және өкілетті елшілер, өңірлердің әкімдері мен әкімдер орынбасарлары және басқалар бар.
Осы жетістіктер мен қабылданып жатқан шаралар Қазақстанның №5 ОДМ-ға және қоғамдағы тең құқықты сақтау мәселелеріне жоғары бейілділігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз ету жөнінде міндет қойып, еліміздегі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат Тұжырымдамасына өзгерістер енгізуді тапсырды. Осыны, сондай-ақ ОДМ бойынша қабылданған міндеттемелерді ескере отырып, гендерлік саясатты іске асыру біздің қоғамның әрбір мүшесі үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қағидатын ұстанатын Қазақстан үшін әрқашан басым сипатқа ие болады.
Әркен ӨТЕНОВ,
Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттік төрағасының орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.