Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрінің бірі. Кейбір футбол клубтарының табысы бірқатар елдердің бюджетінен де көп. Ал, футболистердің атағы мемлекеттік саясаткерлермен теңесіп тұрады. Қазақстандағы футбол да жыл сайын дамып келе жатыр.
Бұл спорт түрін сүймейтін халық жоқ шығар. Бірақ, футболдың еліміздегі даму тарихын көп адам біле бермейді. Футболдың ресми танылған «туған» күні – 1863 жылдың 23 қазаны. Дәл осы кезде футболдың нақты ережелері қабылданған, осылайша Британия аралдарынан бүкіл әлемге тарала бастады. Дәл осы уақыттар арасында Мәскеу мен Санкт-Петербург арқылы 50 жыл ішінде Қазақстанға да жеткен. Кейбір деректерде құжаттық негізде 1912-1913 жылдар да Семей қаласында алғашқы футбол клубтары құрылғанын айтады «Ярыш», «Олимп» және «Спорт». Мұны сол кезеңдегі баспасөз кесімді түрде айғақтайды: «1912 жылы көктемде осы жерде (Семейде – автордың ескертуі) ағайынды Смороденниковтар ұйымдастырған, «Нептун» деген атаумен ойнайтын бірінші футбол командасы пайда болды. Өткен жаз бойы бір өзі ғана жаттығып, ойнады. 1913 жылдың басында Семейде футболға қызығушылар саны арта түсті. Гимназияшылар, студенттер, семинаршылар, сауда-өнеркәсіптік мекемелер қызметкерлері, ерікті-өрт сөндірушілер қоғамы командалары пайда болды. Футболдың бұлай тез дамуы және оған қызығушылар санының көбейе түсуі оның болашағы жарқын болатындығын меңзейді». («Къ спорту!», №35, 13.10.1913 ж.).
Қазақ футболының бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері мен танылған футболшыларына келетін болсақ, Қазақстан футболының басты басқарушы органы 1992 жылы құрылған, Қазақстанның Футбол Федерациясы (ҚФФ) болып табылады. 1994 жылы FIFA-ның толық құқықты мүшесі болды. 2001 жылға дейін Азия футбол конфедерациясының құрамына кірген. 2002 жылы UEFA-ның құрамына кірді. Қазақстандағы жастардың футболға әуестігі жыл санап артып келе жатыр. Осы уақыттар арасында еліміздегі футбол көңіл көншітпеді. Бапкерлер мен ойыншылар лайықты түрде өнер көрсете алмай көп жеңілістер тапты. Бұл жағдайлар «Қазақстанда футбол дамымайды, болашағы жоқ» деген тұжырымдар әкеліп сын астына қалды. Футболшылар тек ел арасындағы лигалармен ғана шектеліп жүрді.
Бірақ, 26 наурызда Астана Аренада өткен чемпионатта, футболшылар өз еңселерін бір тіктеп алды. 2024 жылғы Европа чемпионатының іріктеу турнирында Қазақстан мен Дания қарсы ойнады. Осы ойында Қазақстан Данияны 3:2 ұпайымен жеңді. Бұл жайлы барлық ақпарат құралдары қуана жазды, өз елімізбен ғана шектелмей, шет елдік бұқаралық ақпарат құралдары осы жеңіс жайлы жазбаларын жариялаған. Ұлттық құрама өнер көрсеткен бұл дода, қазақ футболының жанкүйерлері үшін елеулі оқиға болды десем, қате айтқандық емес. Стадионға жиналған жұрт өз қуаныштарын еш жасырмады. Бұл үлкен жеңістерге бастама деп ойлаймын.
Ақтоты МУКАШЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика мамандығының 3 курс студенті