Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдерінде қару-жарақ пен әскери техниканы қыс мезгілінде пайдалану режиміне ауыстыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді.
Мұндай кешенді жұмыстар қару-жарақ пен әскери техниканы және материалдық-техникалық базаны ауа-райының салқын кезінде пайдалануға, парктердегі ішкі қызметті ұйымдастыру мен жеке құрамның техникалық даярлығын жетілдіру мақсатында жүргізілді.
Парктік аймақтарда мамандандырылған бекеттер орналастырылған, онда әскери машиналардың механик-жүргізушілері мен экипаждары аккумуляторлық батареяларға қызмет көрсету жұмыстарын орындады, агрегаттардың, электр жүйелерінің жұмыс қабілеттілігін тексерді, әртүрлі түзетулер жүргізді, майлар мен жағармайларды және салқындатқыш сұйықтықтарды ауыстырды. Жауынгерлік машиналар паркінде жұмыс істеу кезінде барлық әскери қызметшілерге қауіпсіздік шаралары жеткізілді.
– Барлық қажетті қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай материалдары, салқындату сұйықтықтары қоймаларда жеткілікті мөлшерде. Техника мен қару-жарақты қысқы мезгілге пайдалануға уақытылы және сапалы дайындау үшін бар күшімізді салдық, – деді танк бригадасының командирі полковнигі Нұрлан Айтчанов.
– Мен қатардағы жауынгер Елемесов Мэлс Саламатұлы қазіргі таңда 21450 әскери бөлімі танк бригадасында өз Отан алдындағы борышымды механик-жүргізуші болып өтеудемін. Біз қазір өзімізге тапсырылған Т-72 танкімізді жаздық мерзімнен қыстық мерзімге ауыстыру бойынша дайындау үстіндеміз. Яғни нақтылап айтатын болсақ жанар-жағар майын, суытқыш сұйықтарын, майларын ауыстырып, жалпы түгел тексеріп қараудамыз. Біз келесі оқу жылында жақсы нәтижелер көрсетуге сенімдіміз, — деді механик-жүргізуші қатардағы жауынгер Мэлс Елемесов.
Айта кетейік, қару-жарақ пен әскери техниканы қысқы мезгілде пайдалану жағдайларына ауыстыру бойынша дайындық сапасы мен орындалған жұмыстар, сондай-ақ белгіленген нормаларға сәйкес жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуі арнайы комиссиялармен тексеріліп, бағаланады.