ТЕМІР ЖОЛ – ЖОҒАРЫ ҚАУІПТІ АЙМАҚ

0

Темір жол – қауіптілігі жоғары аумақ. Күн сайын болат жолдармен жүздеген пойыз қатынайды, ал олардың қауіпсіз қозғалысын мыңдаған маман қамтамасыз етеді. Дегенмен ең заманауи техника да адам қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда қайғылы жағдайдың алдын ала алмайды.

Пойыздар жоғары жылдамдықпен қозғалады және салмағы орасан зор. Машинист құрамды бір сәтте тоқтата алмайды, тежелу қашықтығы жүздеген метрге дейін созылады. Локомотив бригадасы темір жол үстіндегі адамды байқаса да, кей жағдайда уақыт жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан темір жол – жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ та, ойын алаңы да емес.

Өкінішке қарай, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын бұзуынан орын алады. Атап айтқанда:

– белгіленбеген жерден жолды кесіп өту;

– жақындап келе жатқан пойыздың алдын кесіп жүгіру;

– өткелден өтерде құлаққап пайдалану немесе телефонға алаңдау;

– балаларды қараусыз қалдыру;

– мас күйінде темір жол маңында жүру.

Көпшілік «үлгеремін» деп ойлайды. Алайда темір жол салғырттық пен өзіне шамадан тыс сенімділікті кешірмейді.

Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін бірнеше қарапайым қағиданы есте сақтау қажет:

– Темір жолды тек арнайы белгіленген орындардан – жаяу жүргіншілер өткелдері, көпірлер мен тоннельдер арқылы өту;

– Өтер алдында екі бағытқа да қарап, пойыздың жоқтығына көз жеткізу;

– Құлаққапты шешіп, телефонды қолданбау;

– Вагондардың астынан өтпеу және тоқтап тұрған құрамды тым жақын айналып өтпеу;

– Балаларға темір жолдағы қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде түсіндіру.

Бұл талаптар қарапайым көрінгенімен, адам өмірін сақтап қалудың негізгі кепілі – осы. Темір жолдағы қауіпсіздік – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.

Азат ЕСЕНТАЙ, Отар станциясы бастығы

Leave A Reply

Your email address will not be published.