ТЕРГЕУ СУДЬЯСЫНЫҢ ӨКІЛЕТТІГІ

0

2015 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қылмыстық-процестік кодексте тергеу судьясы қылмыстық процеске қатысатын жаңа тұлға ретінде енгізілгені баршамызға аян.

Тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын Қылмыстық-процестік кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады.
Тергеу судьясының қылмыстық процестегі алатын орны мен өкілеттіктері де осы кодексте көрсетілген.
Тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау, жақындауға тыйым салуды санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау, қарап-тексеруді санкциялау, тінтуді санкциялау, алуды санкциялау, жеке тінтуді санкциялау мәселелерін қарайды.
Сондай-ақ, тергеу судьясы анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды, тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу мәселесін, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қою мәселесін, адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын тұлғалардан ақшалай өндіріп алуды қолдану, прокурордың ұсынуымен іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу мәселесін және өзге де мәселелерді өз құзыреті шеңберінде қарайды.

К.БЕРДЕНОВ,
Қордай аудандық сотының
тергеу судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.