Тиімді технология – табыс кепілі

0

Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулар мен түрлі бағдарламалардың ықпалы аясында ауданымыздағы бірқатар агроқұрылымдар қажетті ауыл шаруашылық техникасын жаңартып, егістіктеріне суармалы суды үнемдейтін заманауи технологиялар орнатуға мүмкіндік алып отыр. Ал, өз кезегінде бұл үрдістің аудан алқаптарындағы өнім көлемінің ұлғаюына сеп болары айдан анық.

 

Жалпы, мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, Қордай ауданында 39400 гектар суармалы жер болса, оның 12830 гектарына су үнемдейтін заманауи технологиялар орнатылған. Осылайша, шаруалар көршілес елден келетін суармалы суға деген тәуелділіктен арылып, өзекті мәселенің түйіні біртіндеп тарқатылып келеді. Мәселен, Ауқатты ауылдық округіндегі «Құрылыс» ШҚ осы күнге дейін алқаптарына тиімді технологияларды орнатқан шаруашылықтардан қалыспай, жуырда жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алыпты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен несиеге алынған жаңа қондырғының жарты құнын шаруашылық өзі төлесе, қалған сомасы мемлекет тарапынан субсидияланатынын айта кеткен жөн.

«Бұл біз үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған таптырмас көмек әрі қолдау болып отыр. Өйткені құны қымбат құрылғыны бірден алу кімге де болсын оңай емес. Ал, біз алған жабдық бағасының жартысын өкімет өз тарапынан өтеп береді. Жалпы жаңбырлату қондырғысының су үнемдеудегі тиімділігі жоғары. Мұнымен қатар өнімнің шығымы жақсы келеді, суғаруға кететін уақыт та төмендейді. Қуат көзі ретінде дизельдік генератор қолданылады», — деген шаруашылық қызметкерлері алдағы уақытта тағы бір қондырғы алуды жоспарлап отырғандарын алға тартты.

Сонымен қатар, Степной ауылдық округінен орын тепкен «Қарбоз» шаруа қожалығы да алқабына ылғал үнемдеу технологиясын орнатқан. Шаруашылық заманауи жаңбырлатып суғару қондырғысының арқасында мол өнімге қол жеткізуде. Лизингке алынған жабдық құнының 50 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. 270 га суармалы алқабы және 180 га тәлімі жері бар шаруашылық қондырғыны алғанына еш өкінбейді. Мамандар суғаруға кететін уақытпен қатар минералды тыңайтқыш көлемінің де еселей азайғанын айтады. Бүгінде мемлекет қолдауын белсенді түрде пайдаланып келе жатқан шаруашылық «Қазагроқаржы» АҚ арқылы «Essil» комбайнын, сонымен қатар «МТЗ-950» және «LOVOL-604» тракторларын сатып алған.

Ал, Сарыбұлақ ауылдық округіндегі тамшылатып суғару әдісін қолданатын «Самғау» ШҚ өкілдері заманауи технологиялардың тиімділігін бұрыннан біледі. Тұрақты түрде агротехнологияларын жетілдіріп, жұмысында заманауи әдістерді қолданатын шаруашылықта биыл 100 гектарға пияз, 95 гектарға жүгері отырғызылып, онда тамшылатып суғару жүйесі қолданылған. Аталмыш агроқұрылым бұл істе облыс көлемінде заманауи технологияны егістікке бірінші болып енгізген шаруашылық екенін айта кеткен жөн.

Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Азиз» ШҚ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан агроқұрылымдардың бірі. Мұнда 2000 га алқапта дәнді-дақыл, көкөніс пен жеміс-жидек өсіріледі. Тамшылатып суару жүйесі дәндік жүгері егілген 200 гектарға енгізілген.

Диқандардың айтуынша, өнімнің көлемі жаздағы жауын-шашын мен суармалы суға тікелей байланысты. Олай болса, бұл тұрғыда Жер-анадан ризығын терген шаруалар үшін тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелерінің маңызы мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.