ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ

0

«Егер де маған мемлекет басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен, сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды».
Конфуций
Кең байтақ жері, ата-дәстүрі, өміршең әдет-салты, ұлттық тілі бар қазақ елі ғасырдан ғасырға жасап келеді. Осындай ұлттық құндылықтарымыздың бірі – қазақ тіліміз ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл қазынамыз, ұлтымыздың асқар шыңы. Оны көздің қарашығындай сақтай білу баршамыздың абыройлы борышымыз, парызымыз.
Айтып өткеніміздей, мемлекеттік тіліміздің болашағын ойлау, дұрыс бағытта дамыту бәріміздің парызымыз. Кез-келген мемлекет ұлттың құндылығы, рухани байлығы ретінде тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. 1998 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданып, айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі әр аймақта құрылған тілдерді дамыту, оқыту орталықтары. Қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатқан осындай орталықтардың бірі Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Орталық 2020 жылдың 5 қазанында Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің №441 қаулысына сай құрылып, 2020 жылдың 2 желтоқсанынан бастап жұмысын жүргізуде. Тілдерді оқыту орталығының басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Осы тұрғыда орталықта тіл үйренушілерге қажетті жағдайлар жасалып, оқуға қажетті ақпарат көздері (оқулық, арнайы тарату парағы, басқа да құрал-жабдықтар) таратылып, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қосымша білім беру бағытында екі жылдан астам қызмет етіп келе жатқан орталық қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытып, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елді мекендерде мемлекеттік тілді игеру мен тіл саясатын жүзеге асыру бойынша іс-шараларды жүйелі өткізіп тұрады.
Тыңдаушылар тек қана тіл үйренумен шектелмей, сөздік қорлары мен сөз шеберліктерін дамыту мақсатында аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жеке жетістік тақталарын да толықтырып, жан-жақты даму үстінде. Оқытушылар жаңа әдіс-тәсілдер қолданып, тыңдаушылардың жасын ескере отырып сабақты жүйелі түрде өткізуге барынша тырысады.
Әйтсе де, бүгінгі таңда орталықтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де жоқ емес. Білікті мамандардың орталықта тұрақтап қалуы үшін жалақыны көтеру мәселесі жөнге қойылса игі болар еді. Осы аталған жайт болашақта оң шешімін тауып, өз қызметін абыроймен атқарып келе жатқан «Тілдерді оқыту орталығының» бағындырар белестері биік боларына орталық ұжымы кәміл сенімді.

Алтынай ӘШІМХАН,
«Тілдерді оқыту орталығы» КММ қазақ тілі оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.