САҒЫНДЫМ, БАУЫРЫМ, ИІСІҢДІ

0

Қазақта ата-ана деген егіз ұғым екенін тереңнен түсінемін. Ендеше әкем мен анама тоқтала кетсем екен деймін. Әкем Рыспек – атқұмар, көкпардың алдын бермейтін жан еді. «Шабдар» атымен елдің алдын бермей, талай-талай көкпарды алып келгені әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Осы орайда айта кетейін дегенім Кеңекемнің «Колхозымның озаттары» өлеңінде Рыспек әкеміздің жырға қосқан «Рыспекке өріс көп» деген жері бар.

Сол алтындай әкем Ұлы Отан соғысының ардагері, өмір-бақи қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқан, аянбай еңбек еткен жан. Әке туралы толғансақ, неге ана туралы айтпасқа. Анам Нілжанның қайсарлығы мен адамгершілігі, ақыл-парасаты мен кең жүректігі көп жерде көрініп тұратын еді.
Орыс әдебиетінде Л.Толстой, Ф.Достоевский, И.Тургенев, М.Горькийдің шығармаларындағы ана бейнесі әр алуан қырларымен суреттеледі. Қазақ аналары мен әйелдерінің асқақ та қайсар, ақылды да мейірімді тұлғалары Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», Б.Майлиннің «Раушан коммунист», «Күлпәш», М.Әуезовтың «Абай жолы», «Қорғансыздың күні», М.Мағауиннің «Аласапыран», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармаларынан айқын танылады. Осындай «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» анам еді. Ендеше осындай ұлы тұлғалардан дүниеге келген 4 қыз, 4 ұл туралы әңгіме шертсем деймін. Оның бірі, ұлдың кенжесі Бақыт – біртуар азамат, ауыл, ел, жер деп жүрегі ерекше жаралғандығы, жомарттығы, жылы шырайлығы, әділдіктің, адалдықтың, жақсылықтың, мейірімнің ұясы екенін екінің бірі айтады. Сәл шегініс жасайын, Бақыт Сегізбаев тарихи атауы бар «Жанбас жол» қыстағында 1960 жылы 9 ақпанда (5 наурыз) дүниеге келген. Менің әлі есімде 5-6 шағымда бесікте тербетіліп, шыр етіп әлемнің есігін ашқан сәби еді.
Ол дос, туыс, бауырға ілтипаты, ізеті ерекше. Үйіне қонақ болып келген үлкен-кішіні ақ көңіл, ақжарқын пейілімен қабақ шытпай тіке тұрып қарсы алып, құрмет көрсету қанына сіңген қасиеті секілді. Қысқасы, нағыз кісі кім десе, осы Бақыт бауырымды үлгі етіп көрсетуге әбден лайық болар еді. Қазір ондай бауырлар аз, бауырлардың ішінде.
Әпкем Аманкүлдің айтқаны әлі есімде, осы баланың атын Бақдәулет қоямын деп әкем айтқан еді. Шынында да Бақыт, Бақдәулет болсын, біздің әулеттің басына қонған бақыты – дәулеті осы азамат болды. Есесіне алдында жүрген әпке-аға бауырына қарайласып, соларға барынша көмектесті. Былайша айтқанда, кіші кенже болса, оларды жомарт жүрегінің жылуына бөледі. Қашанда өмір оған әрқалай сынап, тосумен болған еді. Қиындықтың бәрін де өз еңбегімен еңсере білді. Өзінің жақсы тәрбиесімен жетілген 4 қызы бүгінде бір-бір мамандықтың иесі атанып, дүниенің тетігін тауып қаланып отыр.
Өнегелі өмір жолдарына тоқталып, көз жеткізе кетелік. Басында айттым ғой, 1960 жылы 9 ақпанда дүниеге келгенін. Ол ауыл мектебін аяқтаған соң туған жерінде еңбекке араласты. 1977 жылы Алматы қаласындағы құрылыс және сәулет институтына оқуға түсіп, сәулетші мамандығын алып шығады. 1984 жылы оқуды аяқтағаннан кейін Красногор аудандық коммуналдық қазыналық кәсіпорнында қызмет етеді. 1986 жылдан бастап Жамбыл облыстық әкімдігінде мемлекеттік қызметке ден қойып, ұзақ жылдар жемісті қызметтер атқарған. Тараз қаласының бас сәулетшісі лауазымында үлкен жетістіктерге жетеді. Кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өзінің сүйікті мамандығы – сәулет өнерін елімізде дамытуға сүбелі үлес қосқан жан. Қазақстанның барлық аймақтарында Бақыттың сәулет жобалары үлкен сұранысқа ие болып, аталмыш жобалардың іске асуына ерекше атсалысқан азамат. Жалпы еліміздің ең танымал сәулетшілер қатарында болды. Қазақстан Республикасы Сәулетшілер Одағының мүшесі, сәулетшілер арасында өткен көптеген байқаулардың жеңімпазы атанған. Өзі құрған «Бақ проект» ЖШС Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өткен Тараз қаласын абаттандыруға ерекше атсалысқаны ел жадынан ұмытылмақ емес. Бақыт Сегізбаев Қазақстанда сәулетті дамытуға қосқан зор үлесі үшін Сәулетшілер Одағының алтын дипломына лайық деп танылған жан және өзге де көптеген марапаттарға ие болған. Өз ісінің тамаша шебері болғанын бүгінде еліміздің әр аумағында тамаша идеяларынан туындаған сәулет өнерінен анық байқай аламыз.
Алматы-Ташкент трассасының Отар жол қиылысында Батыс Қытай-Батыс Еуропаға бет алатын автобан бойында Өтеген батыр, Кебекбай мен Ноғайбай би-шешендер және Кенен Әзірбаевқа арналған заманауи сәулетті монумент тұр. Осы монументтің жобасын сызған, Қазақстан Сәулетшілер Одағының мүшесі, кәсіпкер Бақыт Сегізбаев. Осындай тірлігі үшін бөркімді әрқашан аспанға лақтырамын. Өзге бауырдан өзгеше тұратын біздің әулеттегі біртуар мен үшін дара да, мақтан тұтар ұлы тұлға болып қала бересің. Екеуміз емін-еркін жүздесіп, кездескен сайын еркелеп, менің жүрегіме жарқын із, жақсы әсер қалдырушы едің. Көз, тіл тиді ме білмеймін.
Әттең-ай, әттең, биыл 63-ке келіп, зейнеткерлікке шығатын еді. Алланың амалына шара бар ма…Маңдайыма сыймаған бауырым ай…
«Қарашы жүрегімнің ауырғанын,
Қаға алмай қанатымды ауырладым.
Су перісі атанған мұхиттағы,
Келместің кемесін мініп алдың.
Дүр етіп ұшып кеткен бір топ құстай,
Қай жаққа ғайып болдың, бауырларым»,
— деп ақын жырлағандай. Осыдан кейін «әттең-ай, әттең» деп Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі» ойыңа оралады. Оралхан Бөкеевтің «Өз атыңды өшірме» деген керемет айтылған сөзі бар. Құдайдан өз атыңның өшпеуін сұрап, үйіңнің түтіні түзу шықса екен, деп тілеймін. Сағындым бауырым иісіңді…

Дүкенбай СЕГІЗБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.