ТУБЕРКУЛЕЗ

0

Туберкулез (лат. tuberculum – төмпешік), ескіше: құрт ауру, көксау – адам мен жануарларда болатын созылмалы жұқпалы ауру. Туберкулездің қоздырғышы – микробактерияны (“Кох таяқшасын”) неміс микробиологы Р.Кох 1882 жылы ашқан.
Туберкулездің негізгі жұғатын көзі туберкулез микробтарын тарататын науқас адам. Науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, ән айтқанда түкірікпен, қақырықпен әлденеше миллиард туберкулез микробтарын бөліп шығарады және олар 1,5 метрден 5 метрге дейін шашырайды, ең қауптісі ол ауада таралып, бір сағаттан көп уақыт сақталады. Науқас адамның жерге немесе еденге түкірген қақырығы бірте-бірте кебеді де, ақырында шаңға араласады, шаң ауаға көтеріледі, дем алған кезде сау адамның өкпесіне енеді. Одан басқа аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен, кір қолынан және сүйіскен кезде жұғады. Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары да: сиыр, түйе, доңыз туберкулез ауруын таратады. Туберкулезбен ауыратын малдың сүтін шикілей ішкенде жұғады.
Туберкулез жұқпалы ауру. Ең жиі кездесетін түрі-өкпе туберкулезі. Көп жағдайда сырқат белгісі науқас адамға білінбей басталады да, тек қана Манту реакциясын қойғанда, қақырықты “Кох таяқшасына” тексергенде немесе флюорографиялық байқаудан өткенде табылады.
Туберкулездің белгілері:
-әлсіздік, тез шаршау;
-асқа зауқы соқпау, жүдеу;
-2 аптадан аса жөтеліп жүру;
-түнде немесе ұйқыдан оянған кезде терлеу;
-дене қызуының 37 градустан жоғары көтерілуі.
Осындай белгілер білінсе міндетті түрде терапевт-дәрігерге көрініп қақырықты үш күн қатарынан үш рет “Кох таяқшасына” тексеру керек. Қақырықты жинау әр уақытта медицина қызметкерінің бақылауы арқылы терең тыныс жолдарынан алынғаны дұрыс. Егер тексерілген қақырықта туберкулез микробактериясы табылмаса, онда ол науқас рентген арқылы тексерілуі тиіс. Әр нәрсенің алдын алған жөн, себебі туберкулездің жеңіл түрі болса, ол тез емделіп, тез жазылады. Қандай жағдайда болмасын, туберкулезге шалдыққан адам тез арада емделуі қажет. Қазіргі жағдайда туберкулезбен ауырған жанды емдеп жазуға болады.
Туберкулез жас талғамайды және әр жастағы адам ауырады, адам ағзасының әр түрлі органдарын зақымдайды. Ұлтына, нәсіліне, дәрежесіне қарамайды. Туберкулез-аса қауіпті дерт. Туберкулезбен ауырған адам одан жазылу үшін ұзақ уақыт дәрі ішіп, емдік шараларын пайдалануы керек екенін білуі тиіс.
Туберкулезден сақтану, біріншіден адам ағзасының қорғаныс жүйесін күшейту үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу, бұл вакцина тек қана дәрігердің шешімімен егіледі. БЦЖ вакцинасын бірінші рет перзентханада, және бала бірінші сыныпқа (6-7 жас) барғанда БЦЖ вакцинасы егіледі. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстану, тазалық сақтау, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттен бас тарту керек, дене шынықтыру жаттығуларын жасау, бір сөзбен айтқанда “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде”.

Ш.КЫДЫКЕЕВА, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.