ТУРИЗМ ТҰРАЛАМАУ ҮШІН…

0

Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Шымкент қаласының сайлаушыларымен жүздесіп, жиналған жұртты өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Қала тұрғындары, туристік сала мамандары, қазақ ұлттық тағамдарына негізделген мейрамханалардың өкілдері мен кәсіпкер әйелдер қатысқан кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер мен отандық туризмді дамыту сұрақтары талқыланды.
«Шымкент қаласының ішкі және сыртқы туризмді дамытуда әлеуеті өте зор. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен инфрақұрылымның жақсаруы – туризмді дамытудың бір ғана қыры. Осы саланы жетілдіру арқылы біз еліміздің ұлттық және тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттай аламыз. Қазақ ұлттық тағамдарын жаңғыртып, туристерді қызықтырудың ең ұтымды бағытын дамытып жүрген кәсіпкерлердің де бастамаларына қолдау көрсету керек», — деді Қ.Әбден.
Сайлаушылармен кездесуден кейін кандидат өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, «Көксарай» футбол турнирінің жеңімпаздарымен кездесті. Өзінің құттықтау сөзінде Қарақат Әбден бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, кандидат аймақтағы сайлауалды штабының өкілдерімен жүздесіп, үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС АТҚАРЫЛДЫ

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының республикалық қоғамдық штабының отырысы өтіп, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың үгіт-насихат науқанының барысы талқыланды.
«Ауыл» партиясы үгіт-насихат науқаны аясында еліміздің барлық 20 өңірін қамтығаны айтылды. Өңірлік штабтар 2 500-ден астам іс-шараны қамтитын үгіт-насихат жоспарын әзірлесе, оның 70 пайызы өткізілді. Еліміз бойынша 305 билборд орналастырылып, еріктілер 200 мың плакат, парақша таратқан. Штабтар сайлау күні үшін сенім білдірілген адамдар мен бақылаушыларды даярлау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Үгіт-насихат науқаны әлеуметтік желілерде де, БАҚ-та да белсенді жалғасып жатыр. «Ауыл» партиясының парақшасында сайлау алдындағы үгітті өткізу барысы туралы 343 жарияланым шықты. БАҚ-та 3 мыңнан астам материал, оның ішінде кандидаттың «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттеріне берген сұхбаты жарық көрді.
Жигули Дайрабаев бастаған топ өкілдері облыс сайлаушыларымен кездесуде агроөнеркәсіптің өндірістік орталықтарына барып, олардың қызметімен танысты, сондай-ақ жұмысшы ұжымдармен сұхбаттасты.

МІНДЕТТЕРІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАЙДЫ

Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен шетелдік инвесторлармен және ірі кәсіпорындардың жеке иелерімен жасалған барлық шарттың ашық болуын талап етіп отыр.
Теміртауға сапары барысында ол «Арселор Миттал», жеке құрылыс, коммуналдық, күзет компанияларының қызметкерлерімен, сондай-ақ салалық кәсіподақтардың өкілдерімен кездесті.
М.Қажыкен меншікті атап айтқанда, жеке шетелдік азаматтарға тиесілі кәсіпорындарды ұлттандыру туралы заң жобасын әзірлеу жөнінде айтты. Қазіргі уақытта компаниялардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың жекелеген иелерінің өздерінің шарттық міндеттемелерін орындамауы өзекті мәселеге айналып отыр.
«Инвестор немесе компания иесі өз міндеттемелеріне назар аудармайды, өндірісті дамытуға инвестиция салмайды. Көз алдында кәсіпорын тозады. Компанияны ұлттандыру кеше-бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бірақ бұл мәселе қарапайым да емес. Ұлттандыру туралы заң қабылдау керек. Себебі бұл мәселе Қазақстандағы көптеген компанияға қатысты. Инвесторлар компаниялардан барлық қажеттіні сығып алады. Бірақ бұлай жалғастыра беруге болмайды. Олардың инвестициялар, жұмыс орындарын құру жөніндегі міндеттемелерін қайта қарау қажет», — деді М.Қажыкен.

ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кандидаттың экологияны жақсартуға арналған басымдықтарын талқылады.
Бұл – кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында белгіленген міндеттердің бірі.
«Батысқазақстандықтарды алаңдатып отырған маңызды проблемалардың бірі – Жайық өзенінің тартылуы. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мемлекет саясатының маңызды басымдықтарының қатарында. Соған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану, қорғау және тазалау үлкен мәнге ие. Бұл бағытта қоғамның белсенді ұстанымы аса маңызды», — деді республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.
Орал қаласында республикалық қоғамдық штаб мүшелері облыстың зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен бірге кандидат ұсынған отандық мәдениет пен өнерді қолдауға және дамытуға арналған шаралар туралы да пікір алмасты. Сондай-ақ Штаб мүшелері «Жайықжылуқуат» АҚ алаңында өңірдегі коммуналдық кәсіпорындардың өкілдерімен кездесіп, батысқазақстандықтарға Қ.Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Нақты айтқанда, кездесуде энергетикалық қуатты жаңғыртуға, инженерлік желілерді салуға және жөндеуге арналған басымдықтар сөз болды.
БІЛІМ САЛАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Қазақстан Республикасы президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаевтың сенімді өкілдері Айдар Әлібаев пен Талғат Омаров С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымымен, сондай-ақ елорда тұрғындарымен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында олар Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.
Айдар Әлібаев кандидат бағдарламасында білім беру саласының дамуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Медицина және білім беру салаларына ІЖӨ-ден жылына ең кемі 5-7%-ды бөлу ұсынылған. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері мұндай шара дәрігерлер мен мұғалімдер еңбекақысының банк қызметкерлері деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік беретіндігін айтты. «Мұның маңызы зор, себебі бұл мамандар адами капиталдың сапасына жауап береді, ал бұл өз кезегінде отандық экономиканы дамыту үшін негізгі талап болып саналады», — деді А.Әлібаев.
Кандидаттың сенімді өкілдері мемлекет алдында тұрған басты мәселе жемқорлықпен күрес екенін атап өтті. Олардың пікірінше, ол үшін ең алдымен саяси реформаларды жүзеге асыру керек және мәжілістің рөлін күшейту керек.

АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРҒАНДАР КӨП
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Ақтауда жалғызбасты аналармен кездесу өткізді.
«Жалғызбасты аналар алимент сұрамауы керек, бұрынғы күйеуі мен бірге тұратын адамдарының артынан жүгірмеуі керек. Кез келген ана балаларын өсіреді, оларға білім, лайықты тәрбие береді. Алайда әйелдер барлық жауапкершілік жүгін өз мойындарына көтермеуге тиіс», — деді Салтанат Тұрсынбекова.
2021 жылы Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша алимент төлемегені үшін 300-ден астам борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінде қарыздың жалпы сомасы жүздеген миллиард теңгені құрап, сот орындаушылар жүздеген істерді қарап жатыр.
Жалғызбасты аналар алимент өндірудің қолданыстағы әдістері тиімсіз деп санайды. Кандидаттың айтуынша, алимент өндірудегі негізгі мәселелердің бірі – борышкердің кірісін анықтаудың тиімді әдістерінің жоқтығы. Егер борышкерде жұмыс болмаса және жұмыс іздеуге тырыспаса, онда алименттік қарыз орташа республикалық жалақыға сүйене отырып айқындалады. Салтанат Тұрсынбекова сарапшылардың деректеріне сүйене отырып, төрт таңбалы айыппұл салу немесе екі жылға дейін қамауға алу түріндегі жаза қолданылмаса, жауапсыз әкелердің алимент бойынша міндеттемелерін орындату іс жүзінде мүмкін емес екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.