ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

0

Жылдар жылжыған сайын алыстап бара жатқанымен, жүректегі жаңғырығы ешқашан өшпейтін тарихи оқиғалар бар. Солардың бірі де бірегейі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс. Биыл – Ұлы Жеңіске 80 жыл. Елімізде бұл мерейтой кең көлемде аталып өтуде.

Дүйсенбі күні «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының бірлесуімен, Жеңіс күнінің жақындауына үлес қосқан тыл еңбеккерлерімен мерекелік басқосу өткізілді. Шараға одан бөлек, аудандық мәслихат депутаттары мен мектеп оқушылары қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында қиын қыстау заманда балалық шақтары зұлмат соғыспен тұспа-тұс келген тыл майдангерлері Анна Феленкова, Есімқұл Халықбаев, Александр Рассохин, Қайшан Бағысбекова болды.

«Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты. Ұлы Жеңіс бізге осындай қайсар жандардың арқасында келді. Бұл кісілердің ерлігі де еңбегі де болашақ ұрпаққа үлгі. Адамның бойындағы ең асыл қасиеттер қайсарлық, қайраттылық, сабырлық, еңбекқорлық болса керек. Осындай мінез қалыптасқан жан ғана өмірде өз бақытын таба алары хақ. Қайсар бабаларымыздың ғұмыры бізге өнеге», — деді Бейқұт Тілебалдыұлы алғысөзінде.

Өз кезегінде тыл ардагерлері сонау қиын-қыстау кезеңдегі оқиғаларды еске алып, Тәуелсіз Қазақстанда бейбітшіліктің тұрақты болуы үшін тілектестігін білдірді. Бейбітшілік кезеңде өмір сүріп жатқан өскелең ұрпақтың білімді, білікті болуын тіледі.

Шара соңында еңбек майдангерлеріне партияның аудандық филиалы тарапынан құттықтау хатпен, азық-түлік себеттері табысталды.

Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.