Қауіпті вирустан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцина дейді мамандар. Мұны аудан тұрғындары жақсы түсініп келе жатқанын Қордай аудандық орталық ауруханасының егу пункттеріне барғанда куә болдым. Білуімше, алғашқы кезекте екпені медицина қызметкерлері мен мұғалімдер салдырды. Көп ұзамай вакцина барлық тұрғындарға қолжетімді болды.
Осыған байланысты бірден вакцина салдыруға ниет еттім. Әрине, басында әр түрлі жаман ойлар күмән тудырды. Алайда, екпе жайында көп ақпаратты оқып, барлығын саралап, ауруханаға баруды шештім. Бір байқағаным, екпеге қарсы болған даттаушыларда нақты ешбір айғақ жоқ, тек бос әңгіме. Ал, ауруханаға барғанымда дәрігерлер нақты дәлел мен дәйектерді келтірді.
Алдымен ақ халаттылар дене қызуы мен қан қысымымды өлшеп, сауалнама парағын толтыруды ұсынды. Дәрігер өкпені тыңдап, тексереді. Бақылаудан өткеннен соң ғана вакцина салатын кабинетке кірдім. Дәрігер екпе алғаннан кейін кейбір адамдарда ештеңе байқалмай, жайлы өтсе, енді біреулердің басы айналып, қан қысымының жоғарылауы және жалпы өзін жайсыз сезінуі мүмкін екенін айтты. Сол жерде байқағаным, вакцина алғысы келетіндердің арасында жастар да, қарт адамдар да бар. Білім беру ордаларымен, әр түрлі мекемелердің қызметкерлері де ұжым болып, індетке қарсы вакцина алуда. Қарапайым тұрғындардың да белсенділігі артқан. СПУТНИК –V вакцинасының алғашқы дозасын алып, 21 күн өткеннен кейін екінші дозасын алдым.
Мамандар халық неғұрлым тез арада вакцинациядан өткенде соғұрлым аурудың беті тез қайтады, дейді. Сондықтан да барша тұрғындарды бос сөздің жетегінде кетпей, екпе егуіне шақырамын. Бірге болып жаман індеттен айырылайық, қалыпты өмірге оралайық!
Айша Идыбо, аудандық мәслихат депутаты