ВЕГЕТАЦИЯЛЫҚ КЕЗЕҢ СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ

0

Жамбыл облысында вегатациялық кезең сәтті өтіп, шаруалардан шағым түскен жоқ. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы хабарлады.

Басқарма басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, Жамбыл облысында 113 су қоймасы бар. Оларға 136,6 млн. текше метр су сыяды. Су қоймаларының 60-ы каналдар, 53-і еріген қар, жер асты сулары мен өзендер арқылы толтырылады.

Биылғы вегетациялық кезеңде 91,2 млн. текше метр су жиналды. Жинақталған судың көлемі бекітілген 10 мың гектар алқапты тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Шаруалардан судың жетіспеушілігіне қатысты шағым түскен жоқ.

Өңірдегі су қоймалары мен бөгеттерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл су нысандарын қалыпты жағдайда ұстауға ықпал етеді.

Ағымдағы жылы 9 су қоймасын жөндеу жоспарланып (2023 жылы 9 су қоймасы), оның жетеуінде жұмыстар толық аяқталды. Қалған екеуі жыл соңына дейін тапсырылады.

Бұдан бөлек, 5 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Кешенді жоспарға сәйкес 203 каналды қайта жаңғырту міндеті тұр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, Ислам даму банкі, сондай-ақ бюджет есебінен жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ербол Әбдірахманов баяндамасында 4 мыңға жуық шаруамен келісімшарт жасалып, 90,078 гектар жерге 533,1 млн.текше метр су берілгенін айтты. Сонымен бірге ол су нысандарын салу, қалпына келтіру бойынша атқырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Басқосуда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану бойынша облыс әкімі берген тапсырманың нәтижелерімен бөлісті.

Ал, Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сулайманов заңсыз су пайдаланушыларға қабылдаған шаралар туралы есебін берді.

Ербол Қарашөкеев суармалы су тек келісімшартқа отырған шаруаларға ғана берілетінін еске салып, инспекцияға тұрақты түрде бақылау шараларын күшейтуді ескертті.

Бұдан бөлек, сарысулық тұрғындардың шағымына сәйкес жауаптыларға Талас өзені арнасын заңсыз бұру, бөгеу мәселесінің алдын алып, механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныс әзірлеуді міндеттеді.

– Егіннің өнімді болуы, азық-түлік қауіпсіздігі вегетациялық кезеңге тікелей байланысты. Сондықтан алдағы суару маусымына дайындық барысын назардан шығармау қажет.

Су нысандарының құрылыс, қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізу – өте маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев шаруалар су тапшылығының зардабын тартпауы үшін аудандар мен басқармалардың басшыларына негізгі міндеттерді айқындап берді.

Күн тәртібінде сәулет және қала құрылысы саласының өзекті мәселелері мен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі нормалары талаптарының орындалу барысы қаралып, тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде іске асыру жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.