ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫН ҚАУІПСІЗ ДЕҢГЕЙГЕ ҚАЛАЙ ШЫҒАРУҒА БОЛАДЫ

0

Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте ветеринария саласының мәселелері мен перспективалары талқыланды.

Ветеринария саласындағы төмен материалдық-техникалық қамтамасыз ету және төмен жалақы мал шаруашылығын дамытуға елеулі кедергі келтіреді. Еліміздегі ет өндіру көлемі халықтың қажеттілігін іс жүзінде толық өтеп отыр. Сиыр еті өндірісін әрі қарай арзандату тек экспорттық нарықтарды ашу арқылы мүмкін болмақ. Кеңесте саланың жай-күйі туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Бердалин айтып берді.

Вице-министрдің деректері бойынша Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне 68 ауру түрі енгізілген, олардың 45-і бойынша ахуал тұрақты, 23 ауру бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүріп жатыр.

«Елдің эпизоотиялық жағдайына әсер ететін факторлардың бірі – малдың толық және нақты есебі. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің қолданыстағы ақпараттық жүйесі бұрын көп сынға ұшыраған. Бүгінгі таңда жүйедегі қателерді жою және процестерді басқа ақпараттық жүйелермен интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді», — деді Амангалий Бердалин.

Уақытылы диагноз қою жануарлар мен адамдарға қауіпті аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. 2023 жылға арналған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары аясында жануарлар мен құстардың 23 ауруына қарсы 175,7 млн екпе егу көзделген еді. Осы жылдың 10 айында 133,9 млн екпе егілді. Ауру жануарларды анықтау мақсатында 28 аса қауіпті ауруға қарсы диагностикалық іс-шаралар жүріп жатыр. 2023 жылға 72,7 млн диагностикалық зерттеу жоспарланған еді, 10 айда 56,5 млн зерттеу жүргізілді.

Соңғы 3 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қабылданып жатқан шаралардың арқасында ауру ошақтарының 44,7%-ға төмендеуі байқалады (2021 жылы – 331, 2022 жылы – 299, 2023 жылы – 205).

Өңірлерде іс-шаралар кешенін жеткілікті қаржыландыру және дұрыс ұйымдастыру ветеринария саласын тұрақты түрде қауіпсіз деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуды, процестерді цифрландыруды, деректерді жинау мен беруді автоматтандыруды, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруді және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыруды, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуді көздейтін ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламент қарауында жатыр.

Сонымен қатар өзін-өзі басқаратын кәсіби ұйым ретінде арнайы ветеринарлық орган құру ұсынылады. Оның негізгі функциялары: ветеринария саласындағы кадрларды есепке алу және мониторинг жүргізу, мамандардың біліктілігін арттыру, ветеринариялық инциденттерді қарау.

«Ветеринарияның негізгі міндеті – адамдардың денсаулығын ауыл шаруашылығы жануарларының ауруларынан қорғау, мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі. Өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру оңай емес, алайда орындалатын міндет, жергілікті жерлерде іс-шаралар кешенін өткізу, жеткілікті қаржыландыру және тұрақты бақылау арқылы шешіледі. Мал шаруашылығы саласын одан әрі дамыту тек ет экспортын ашқан кезде ғана мүмкін болады және біз бұдан былай жекелеген өңірлерде мал ауруларының өршуіне тәуелді болмауымыз керек, соның салдарынан бүкіл ел үшін нарықтарды жабуға мәжбүр боламыз. Облыс әкімдіктері профилактикалық іс-шараларды жүргізуді жеке бақылауға алуы, ветеринариялық қызметтерді материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсартуы және ветеринариялық қызметкерлер үшін жағдай жасауы қажет», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Leave A Reply

Your email address will not be published.