ВЛАДИМИР ПУТИН ҚАЗАҚСТАНҒА РЕСМИ САПАРМЕН КЕЛДІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді елорда әуежайында қарсы алды. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ президенттер Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді.

– Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы ресейлік компаниялар. Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады. «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты.

– Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады.

Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы

2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде «Халал» стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.