ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 745 МЫҢ ГА АЛҚАПТАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ ЖИНАЛДЫ

0

Ағымдағы жылы облыста 745 мың гектар алқаптан ауыл шаруашылығы дақылдары жиналып, жалпы түсім 3426,1 мың тоннаны құрады.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылып, егін жинау науқанының қорытындылары талқыланды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдері 535,7 млрд. теңге немесе 93,1 пайыз деңгейде орындалуы күтілуде.

Сондай-ақ, ол биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 762,5 мың га алқапқа орналастырылғанын, алайда, ауа-райының қолайсыздығынан және суармалы судың жетіспеу салдарынан жалпы 15,1 мың га алқап жарамсыздыққа ұшырағанын атап өтті.

— 2023-2024 жылдың мал қыстату науқанына облыс бойынша 2,6 млн. тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Есептік кезең бойынша жоспар 100,4 пайызға орындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары аяқталды,-деген басқарма басшысы күзгі дала жұмыстарына барлығы 10 063 техника қатысып жатқандығына да тоқталды. Ол үшін 15,7 мың тонна дизель отыны бөлініп, әр литрінің бағасы 250 теңгені құрап отыр.

2024 жылдың өнімі үшін 161,5 мың га алқапқа күздік дақылдар егу жоспарланып, 100,1 пайызға орындалған.

Облыс әкімі қант қызылшасының өткерілу барысын, шығынға ұшыраған шаруалармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды, минералды тыңайтқыштармен қамту, азық-түлік сақтау қоймаларының жай-күйін сұрады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы келер жылға дайындық шараларын ертеден пысықтауды, су үнемдеу технологияларының мүмкіндігін кеңінен пайдалану, ауданның сипатына қарай дақылдарды егу бойынша шаруалармен тұрақты жұмыс жүргізуді, қант қызылшасын субсидиялау мәселесін қатаң бақылауға алуды, Үкіметтің төтенше резервінен бөлінген қаражатты тиімді игеру қажеттігін баса айтып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.