Ынтымақтастықтың баянды қағидаты

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан
Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа, сапалы деңгейге көтерді. Қазақстан мен Өзбекстан арасында Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа, мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы шартқа қол қойылуы, бірлескен ауқымды жобалардың жүзеге асырыла бастауы осының айғағы.

ОРТАҚ МАҚСАТ-МҰРАТ

Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев ресми кездесу өткізу үшін халықаралық конгресс орталығына келді. Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі халықаралық конгресс орталығында өтті.
Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды.
Бұдан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің Жолдауымен танысқанын және бұл маңызды құжат Өзбекстанның одан әрі табысты дамуына жол ашатынын жеткізді.
Шавкат Мирзиёев өз кезегінде Қазақстан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Өзбекстан Президентінің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекеттерге берік негіз болады.
Президенттер саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биыл сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард доллар¬ға жуықтады. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіп, машина жасау, логистика, көлік, энергетика және басқа да салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілгеніне назар аударылды. Сондай-ақ тараптар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.
Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жоғары баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты достық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.
Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтіп, тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Сон-дай-ақ елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылды.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты. Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында тұрмыстық техника, Шымкентте инфузиялық ерітінді, Қостанайда Chevrolet автомобильдерін шығаратын жоба іске қосылады.
Өз кезегінде Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісіне, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкент қала-сында тұрғын үй-коммерциялық инфрақұрылымының құрылысына қатысты жобалар жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.
Қазақстан инвестициясымен Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар кәсіпорны ашылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында екі елдің бірлескен бірқатар жобасы іске қосылды. Соның бірі – Өзбекстанның Науаи облысында фосфор және кешенді минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорын.
«Қазфосфат» ЖШС және «Узкимёсаноат» АҚ қатысуымен жүзеге асырылатын өндірістің жобалық құны – 1,3 миллиард доллар. Жобаның 2022-2024 жылдарға жоспарланған бірінші кезеңінде «Навоийазот» базасында калий селитрасы (100 мың тонна) мен калий сульфаты (100 мың тонна) өндірісін жолға қою жоспарланып отыр. Жоба аясында 150 жұмыс орны ашылады. Ал өндірістің екінші және үшінші кезеңдері Алмалық және Ферғана қалаларында жалғасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары барысында осы елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті.
Президент Ташкент қаласындағы көрнекті орындардың бірі Төле би кесенесіне арнайы барды. Ташкент қаласының аумағында орналасқан тарихи мазар XV ғасырдың бірінші жартысында салынған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ташкент қаласында өтіп жатқан «Абай. Бауырлас халықтар мұрасы» атты ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеге барды. Бұл көрме – екі ел арасындағы достық пен бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ
БАЙЛАНЫС ӘЛЕУЕТІ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қазақстан Президенті, ең алдымен, Шавкат Мирзиёевке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуын-ша, Өзбекстан ұзақ жылдар бойы Қазақстанның осы аймақтағы басты стратегиялық серіктесі болды, ал бүгінде сенімді одақтасқа айналды.
Сонымен қатар Президент мемлекеттеріміздің ортақ шекарасын құқықтық тұрғыда қамтамасыз еткен, болашақ ұрпақ арасындағы ынтымақтастықтың мызғымас негізін қалаған Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылуын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл қадам ғасырлар бойғы достығымыз бен татукөршілік қатынастарымызды сақтау жөніндегі бабалар өсиетінің орындалғанын көрсетеді.
Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін орасан зор әлеует бар деген ортақ байламға келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде былтыр тауар айналымы шамамен 4 миллиард долларға жеткенін, бұл қарқын биыл да сақталып отырғанын атап өтті. Осы жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 5 миллиард долларға жетеді.
– Сауда-саттықты одан әрі дамыту мақсатында тауарлар номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ықпалдастығын тежейтін кедергілерді жоспарлы түрде жою үшін тиісті шаралар қабылдауға келістік, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласындағы өзара іс-әрекетті кеңейту басым міндет ретінде атап өтілді. Машина жасау, фармацевтика, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларында 10 бірлескен кәсіпорын ашылып, табысты жұмыс істеп жатқаны туралы айтылды.
– Бүгін Өзбекстан Президентімен бірге өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін бірқатар бірлескен ірі жобаны іске қостық. Сонымен қатар кеше аймақаралық бизнес-форум аясында құны 2,5 миллиард доллардан асатын өзара тиімді коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды. Жал¬пы, сапар қорытындысы бойынша құны 8 миллиард доллардан асатын инвестициялық келісімдер мен екіжақты құжаттарға қол қойылды. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті кеңейтуге Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы тың серпін беруге тиіс. Ол Орталық Азиядағы ең ірі сауда-өнеркәсіп хабына айналып, елдеріміздің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп саласындағы өзара сауда көлемін ұлғайту перспективаларына назар аударды. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 30 пайызға артып, 1 миллиард доллардан асты.
– Біз ет өнімдерін өндіретін, өңдейтін, көкөністер мен жеміс-жидектерді қаптайтын, майлы дақылдар, бидай, картоп өсіретін бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігін қарастыру үшін үкіметтерімізге тапсырма беруге келістік. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша кадрлар даярлауға және оны ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздық жағдайында бүгінгі қабылданған шешімдер елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар аймақтағы сауда-көлік дәліздерін дамыту мәселесін де талқылады. Бұл бағытта Қазақстан мен Өзбекстан маңызды рөл атқарады. Екі ел басшылары Дарбаза – Мақтаарал темір жол құрылысын тезірек аяқтау үшін күш салуға уағдаласты. Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты үйлесімді жұмыстарды жалғастыруға келісті. Бұл бағыттағы түйткілдерді тезірек шешу үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударылды.
Дәстүр бойынша мәдени-гуманитарлық байланыстарға баса мән берілді. Мемлекет басшысы халықтарымыздың ғасырлар бойғы достығы шынайы татукөршілік қатынастар мен өзара құрметтің жарқын үлгісі болатынын айтты.
– Ортақ мәдени-рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсу үшін өткен аптада Астанада Өзбекстанның Мәдениет күндері табысты өтті. Ал бүгін Ташкент тұрғындары мен қонақтарына қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абайға арналған көрмені тамашалауға мүмкіндік туды. Біздің ортақ тарихымызға құрмет көрсеткені, Қазақстанның мәдени мұрасын дәріптегені үшін Шавкат Миромонович Мирзиёевке және бауырлас барша өзбек халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Делегация өкілдерінің кездесуі барысында жастар арасында өзара байланыстарды дамыту бастамаларына, соның ішінде университетаралық ынтымақтастық аясында қолдау көрсету ісіне көңіл бөлінді. Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның жетекші оқу орындарында теңгерімді негізде филиалдар ашу жоспарын құптады.
Президент сапар аясында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер де талқыланғанын атап өтті. Әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойды.
Сонымен қатар ресми делегациялардың мүшелері мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар құжатқа қол қойды.
2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама қабылданып, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігі арасындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Науаи облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасына қол қойылды.
Сондай-ақ құжаттар арасында Қазақстан Республикасы Түркістан облы-сының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы, Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы бар.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Узбекнефтгаз» АҚ арасындағы келісімге, «Eurasian Resources Group S.а.r.L.» компаниясы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге, «Қазфосфат» ЖШС, «Узкимёсаноат» АҚ және KP Fertili-zers Ltd. арасындағы Өзбекстан Республикасында минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісімге және «PTC Holding» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.