Қоғамда әрдайым заң үстемдігін сезініп, қандай жағдай өмірде орын алса да тек заң аясында шешімін табу, заңға жүгіну қашанда зайырлы мемлекет үшін ең басты қағидаттардың бірі саналады. Ал, сол заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ететін орган қызметкерлерінің қарапайым тұрғындармен жүздесіп, білгенімен бөлісіп, көкейдегі сұрақтарына жауап беруі де қазіргі қоғам үшін тамаша мүмкіндік.
Осыған орай өткен сәрсенбі күні ауданымызға жұмыс сапарымен Жамбыл облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев келіп, аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары және сот орындаушылар қатысып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Кездесу алдында жалпы сапардың мән-маңызы туралы жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай түсініктеме беріп өтті. Одан әрі Дәурен Жигулиұлы тұрғындарға құқықтық мемлекет ретінде қоғамдағы барлық салада заң үстемдік құру қажеттілігі жайында айта келе, құқықтық көмек бойынша туындаған сұрақтарға жауап беруге дайын екендігін жеткізді. Кездесуге келген тұрғын Жамал Төлегенова жер телімі басқа адамның атында арестте тұруына байланысты заңдастыра алмай жүргенін жеткізді. Осындай жағдайда заң аясында қандай әрекеттер жасау қажеттілігі жайында толықтай түсініктеме берген Дәурен Дайрабаев сот орындаушыларға заңға сәйкес көмек беру туралы тапсырма берді. Сонымен қатар, Әділет департаменті басшысының орынбасары қазіргі таңда күшейе түскен алаяқтарға тап болған жағдайда қандай шаралар қолдану керек, жалпы олардан қорғану жолдары турасында да түсініктеме беріп өтті.
Кездесуден кейін Дәурен Жигулиұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жандос ОМАРОВ