«ЗАҢ МЕН ТӘРТІПКЕ» АЙЫРЫҚША НАЗАР

0

Қордай ауданында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды акция өтті. Шараның басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» бағдарламасының негізгі қағидаттарын халыққа түсіндіру.

Алдымен Қордай ауылының орталық алаңында Қордай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы мен шекаралық әскери бөлімшенің қызметкерлері сап түзеп жүріп өтіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге дайындықтарын көрсетті. Бұл рәсім тәртіп сақшыларының жауапкершілігі мен қызметтік даярлығының жоғары деңгейде екенін айқын аңғартады.

Шараға қатысқан Қордай ауданының прокуроры Қайыржан Қуатбеков, Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Үдергенов сөз сөйлеп, аталмыш шараның мән-мағынасына тоқталды. Сонымен қатар шараға аудан әкімінің орынбасары, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрайымы Дамира Сүгірбай қатысты.

Олар аудандағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы және тұрғындармен бірлескен жұмыс форматы туралы баяндады.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары үшін басты міндет – халықтың қауіпсіздігі екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, аудан аумағында кеңейтілген рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, жолдарда және тұрғындар көп шоғырланатын аумақтарда профилактикалық жұмыстар жүргізді. Рейд барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін бақылау және заң талаптарының сақталуын тексеру бағытында нақты іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Қордай – Қауіпсіз аудан» бағдарламасы аясында аудан прокуратурасының үйлестіруімен және полиция, жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен кең профилактикалық іс-шаралар қолға алынуда. Рейдтік шаралардың нәтижесінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласында 75, жол қозғалыс ережелерін сақтау бойынша – 106 әкімшілік хаттама толтырылған.

Сонымен қатар, түнгі уақытта заңсыз алкоголь өнімдерін сату, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үлкендерсіз жүру фактілері анықталды.

Алдағы уақытта мағыналас іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылмақ. Ол бойынша нақты жоспарлар да бар.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.