ЖҮРГІЗУШІ: САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ!

0

«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп осыдан оншақты ғасыр бұрын өмір сүрген атақты Майқы би бабамыз бекерге айтпаса керек. Бүгінде аты аңызға айналған төбе бидің сөзі ақиқатқа айналып, ел аман, жұрт тынышта жақындарымыздың жанын күнара жалмаған жол апаттарының саны көбейіп кетті. Өзекті өртеген бұл өкініштің себебі неде? Жүргізушілер неліктен жол ережелерін елемей, қауіпсіздік шараларына салғырттық танытады? Мақаламызда осы және өзге сұрақтарға жауап іздеп, мамандардың мәліметімен бөліссек.
Иә, соңғы жылдары жол апаттарының жиілеп кеткені соншалық «пәлен жерде мынандай апат болыпты» деген сөздерге етіміз үйреніп кеткен. Тіпті, «түнде төрт адам көз жұмыпты» деген жантүршігерлік хабардың өзін селк етпей қабылдайтын болдық. Бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан, періште сәбилерімізден айырылып жатқанымыз, әрине, өкінішті дүние. Алайда, жоғары жылдамдықпен жүруді жаман әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілер үшін бұл жағдай «сабақ» болмай, жол-көлік оқиғаларының саны азаймай отыр.
Мамандардың айтуынша, жолдағы қайғылы жағдайлар негізінен жүргізушілердің жауапсыздығы мен жылдамдықты асыруының салдарынан орын алады. Мысалы, үстіміздегі жылдың 8 айында бір ғана Қордай ауданында 88 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 157 адам жарақат алса, 16 адам көз жұмған (!). Осы орайда жол апаттарының басым бөлігі республикалық маңызы бар автожолдарда, яғни жылдамдығы жоғары жол бөліктерінде болғанын айта кеткен жөн.
«Жылдамдықты шамадан тыс арттыру. Жолда жауапсыздық таныту. Жол жүру ережелерін елемеу. Мұның барлығы орны толмас қайғыға алып келеді. Осындай әрбір жол апатының артында жақындарымыздың тағдыры, өрімдей жастарымыздың өмірі, ойран болған отбасының қайғысы жататынын кейде естен шығарып, қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарап жатамыз. Бұл, әрине, көңілге қаяу салатын дүние. Аудан аумағындағы республикалық, облыстық, аудандық және ауылішілік маңызы бар жолдардың ұзындығы 1356 шақырымды құрайды. Бұл бір аудан үшін аз емес. Жауапты мамандарымыз күн-түн демей осы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысып бағуда. Бірақ, жағдай оңалар емес. Есепті мерзімде ауданымызда 88 жол апаты орын алып, ондаған адам қаза тапты. Осындай жағдайды болдырмау мақсатында барша жүргізушілерден жол жүру ережесіне бағынып, сақтыққа салғырт қарамауды сұраймын», — деген Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Ережепов жолдағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.
Жалпы, әрбір жағдайды саралап, себебін анықтайтын тәртіп сақшылары ЖКО негізгі себебін жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруымен, жол белгілерін елемеуімен, қарама-қарсы бағытқа шығуымен және шаршап тұрып көлікке отыруымен байланыстырады. Сол себепті Қордай аудандық полиция бөлімінің басшылығы бастаған жауапты мамандар әрдайым алдын алу шараларын ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзған тұлғаларға қатысты тиісті шара да қолданып отырады. Мәселен, үстіміздегі жылдың сегіз айында Қордай АПБ тарапынан алты мыңнан астам әкімшілік хаттама, оның ішінде жол қауіпсіздігіне қатысты 2050 хаттама толтырылған. Тарқата айтсақ, жылдамдықты асырған 102 азамат, қозғалыстың қарсы бағытына шыққан 12 азамат және мас күйінде көлік басқарған 64 азамат анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сай айыппұл салынған. Мұнымен қатар, тәртіп сақшылары жүргізушілермен, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізуді әдетке айналдырған. Осының аясында полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түрлі ақпарат көздері арқылы жұмыстарын жүргізіп, ауылды жерлерде тұрғындар және мектеп оқушыларымен қауіпсіздік мәселесін көздейтін бірнеше кездесулер ұйымдастырған.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін сөз еткенде түнгі мезгілде малдың жолға шығып кету жағдайларын айналып өту мүмкін емес. Бұл мәселеге қатысты АПБ учаскелік полиция инспекторлары әр тоқсан сайын автожолдарға жақын орналасқан шаруашылық өкілдерімен кездесіп, түнгі уақытта малдарын қараусыз қалдырмау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқыс оқиға орын алған жағдайда қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Қорыта айтсақ, айдың-күннің амандығында жауапкершіліктің аздығынан жанымыздағы жақындарымыздан айырылғаннан артық қасірет жоқ. Сол себепті «Асыққан – шайтанның ісі» деген қағиданы есте сақтай отырып, «Жол жүру ережесі» атты қарапайым қағидаға бағынайық, ағайын. Амандықтан асқан байлық жоқ!

Әлібек ОСПАНОВ
Қазақстанда соңғы 17 жылда 270 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 мың адам көз жұмды.
Әлемде жыл сайын жол апатынан 1,3 миллион,
күніне 3000 адам қайтыс болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.