ЖҰМЫС КЕСТЕСІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс екендігін және елімізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек деп» — атап өтті.

Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының қорғалуы оның ішінде олдардың тынығуы, бос уақытын отбасына немесе өзінің кәсіби дамуына арнауы кәсіби мемлекеттік аппаратты құруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Сонымен қатар, жұмыскерлердің тынығуға құқығы бар екендігі ел Конституциясында да айшықталған.
Атап айтқанда, Конституцияның 24-бабының 4-тармағында әркімнің тынығу құқығы бар, сондай-ақ еңбек шарты бойынша, жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі делінген.
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн деп белгіленген.
Бұл ретте, көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде жұмыскерге үстеме жұмыс жасағаны үшін ақы төленеді немесе тынығу сағаттары берілетіні көрсетілген.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс жасауын азайту бағытында Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік органдарда орнатылған магниттік картаны немесе қол үлгісін, бет әлпетті сканерлеу арқылы жұмыс орынға кіруді белгілейтін қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерін мемлекеттік қызметшілердің персоналды басқару мәселелерін жүзеге асыртын «Е-Қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау жұмыстарын жүргізу тапсырылған болатын.
Өз кезегінде, Агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментімен облыстағы мемлекеттік қызметшілердің негізсіз үстеме жұмыс жасауын болдырмау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 210 мемлекеттік органның ғимараттары қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерімен жабдықталған.
Олардың 155-і жергілікті атқарушы органдарда болса, 42-і сот органдары, орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері мен олардың аудандық
бөлімшелерінде, 13-і мәслихаттар мен тексеру комиссияда орналасқан.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімі аппаратымен бірлесе отырып, 36 жергілікті атқарушы органда орнатылған (облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдіктерінің аппараттары, басқармаларда) қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері «Е-Қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.
Бұл өз кезегінде, Департаментпен және облыс әкімі аппаратымен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнына кіріп-шығу уақытын қашықтықтан бақылауға және негізсіз үстеме жұмысқа тартылған қызметшілерді анықтауға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа, 2022 жылы және 2023 жылдың өткен кезеңінде Департаменттің мамандарымен «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мониторинг жүргізу нәтижесінде 14 мемлекеттік органның 21 қызметшісі негізсіз үстеме жұмыс жасағандары белгілі болды.
Өз кезегінде, Департаментпен аталған мәселе бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына ұсыныс хаттар жолданып, нәтижесінде 21 қызметшіге қосымша демалыс уақыттары берілді, яғни еңбек құқықтары қорғалды.
Бұдан бөлек, қолданыстағы Еңбек кодексінде жұмыскерлер, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін олардың әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін делінген.
Бүгінгі таңда, жергілікті атқарушы органдардың 10 мемлекеттік қызметшісі отбасылық, денсаулық және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты икемді жұмыс кестесі бойынша жұмыс жасауда.
Аталған жұмыс режимін еңбек заңнамасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің қажеттіліктерін ескере отырып, кеңінен енгізу орынды деп саналады.
Осылайша, Департаменттің аталған бағыттағы атқарған жұмыстары мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғаудағы өзінің оң үлесін қосып келеді.

Жарқын ТАМАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.