Өткен жұмада Қордай ауданы әкімдігінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов қатысты.
«Қауіпсіз Қордай» жобасын іске асыру бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шаралардың тиімділігі туралы өткен мәжіліске сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аталмыш жоба бойынша алдымен аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Осы орайда облыс прокуроры мұндай жобаларды әрдайым бірлесе атқару қажеттігін айтып, бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында шекаралық аймақта құқық бұзушылықтың алдын алуға аса мән беруге шақырып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Келесі кезекте күн тәртібі аясында аудан әкімі Бегзат Болатбеков баяндама жасады.
-2023 жылы аудандағы уәкілетті органдармен бірлесіп, аудан прокурорымен «Қауіпсіз-Қордай» жобасы бекітілді. Жоба бойынша 80 іс-шара қарастырылған, оның ішінде аудан әкімдігімен құқық қорғау және басқа да мекемелермен бірлесе атқарылатын 69 шара көзделген. Өткен жылдың қорытындысымен жоспарланған қаржыландыру шеңберінде және бірлескен жұмыстардың нәтижесінде сол шаралар толығымен орындалды, — деген аудан басшысы әр пункт бойынша түсініктеме беріп, облыстағы көпұлтты, жер көлемі, халық саны жағынан көш ілгері аудан саналатын Қордайда саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау және мүдделі атқарушы органдармен тиісті алгоритм негізінде жұмыстар күшейтілетінін айтты.
Осыған байланысты облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу қажеттігін айта келе, аудан әкімдігі жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау бойынша комиссия жұмысына қамшы басу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, Нұрғалым Әбдіров ауданда кейбір қылмыс түрлері артқан ауылдарды атап өтіп, әкімдерге де ескертулер берді.
-Қылмыстың өсуі немесе азаюының өзіндік бір объективті себебі болады. Біз соны анықтауда жалпыламадан аулақ болуымыз қажет. Профилактикалық жұмыс ауыл әкімі, учаскелік инспектордан басталатынын ұмытпайық, — деді облыс прокуроры.
Жиын барысында Қордай аудандық полиция бөлімі басшысы Әлімхан Қарымсақов жоба аясында атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Облыстық прокуратура тарапынан полиция жұмысына да бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Аталған жоба бойынша жұмысты жандандырып, нақты шаралар қабылдану қажеттігіне де тоқталды.
Жандос ОМАРОВ