ЗИЯНДЫ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН АЗАМАТТАРҒА АРНАЙЫ ТӨЛЕМ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заңнамалық өзгерістер әзірленді.

Осы орайда, заңнамаға өзгерістер енгізу нәтижесінде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізу, еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру және өтпелі кезеңдегі регресшілерге сақтандыру төлемдерін алуға құқық беру мүмкіндігі туды.

Аталған жаңалықты егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында ауданға арнайы жұмыс тобы келіп, аудандық орталық ауруханасының мәжіліс залында кездесу өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жүргізген кездесуде облыс орталығынан келген жұмыс тобының өкілі, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Марал Ділдабекова және Жамбыл облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының заңгері Эльмира Пашанова зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне маңызды ақпаратты ұсынды. Марал Ділдабекова арнайы әлеуметтік төлемді тағайындау шарттарын таныстырудан бастады. Атап өтсек, төлемді азамат 55 жасқа толғанда алуға құқылы; зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін кемінде 7 жыл жұмыс өтілі болуы керек екен. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылар – металлургтер, кеншілер, энергетиктер және осы секілді басқа да кәсіп иелері.

Жалпы, төлемдердің 4 көзін анықтау ұсынылады. Біріншіден, мемлекет тарапынан республикалық бюджет көзі болып айқындалатын болады. Төлем үшін сома 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде ұсынылады, яғни 86 мың теңгеден сәл артық. Бұл сома жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуімен индекстелетін болады. Екінші, сақтандыру компанияларынан төлемдер. Қазір сақтандыру компаниялары жұмысшыларды өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Үшіншісі, ортақ жауапкершілік шеңберінде жұмыс берушілер де осы мөлшерде төлейтін болады 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі. Төртіншіден, қызметкерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен міндетті зейнетақы жарналарын пайдалану құқығын беру ұсынылады.

Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азамат 55 жасқа толған кезде жеңіл жұмысқа ауысатын болса, ол арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы. Бұл төлем зейнет жасына жеткенде тоқтайды, кейін ол азамат зейнетақы алады.

Осылайша, қабылданған шаралар кешені зиянды өндірістік факторлардың әсерінен жұмысшылардың шығуын ынталандыруға және елдің Еңбек ресурстарын үнемдеуге бағытталған.

Осыдан кейін Эльмира Пашанова азаматтардың қандай басқа да әлеуметтік төлемдерді алуына болатынын толықтай баяндап өтті. Орталық аурухана бас дәрігерінің м.а. Айдын Байбеков медицина саласында зиянды жұмыстарды атқарып жүрген азаматтардың аталған төлемді алуына байланысты бірқатар сұрақтарын қойды. Облыстан келген жұмыс топ өкілдері бас дәрігердің және кездесуге қатысқан өзге де азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.