Аудан орталығындағы «Емен» саябағында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өткізілді. Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Алимходжаев арнайы қатысып, тұрғындармен бірге кәсіпкерлердің ұсынған тауарларымен танысты. Бұл іс-шараның басты мақсаты – көпбалалы және мұқтаж отбасыларға жаңа оқу жылына қажетті мектеп формасы мен кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен беру арқылы әлеуметтік қолдау көрсету. Жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер түрлі кеңсе құрал-жабдықтары, сөмкелер және мектеп формаларын ұсынды. Өнімдердің сапасы жоғары әрі бағалары тұрғындарға тиімді деңгейде қойылған. Мұндай іс-шаралар қоғамдағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайтып, кәсіпкерлер мен тұрғындардың арасында сенім мен қолдаудың артуына септігін тигізеді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Ақынғалиұлы жәрмеңке жұмысына оң баға берді. Ол: «Балалардың сапалы білім алуы – ауданның ең басты мәселелерінің бірі. Жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуы арқылы мұқтаж отбасыларға нақты көмек көрсетіліп жатыр. Бұл бастама әрдайым жалғасады деп сенемін», – деді.
Жәрмеңке барысында тұрғындар тарапынан ұйымдастырушыларға ризашылық сөздері айтылды. Көпбалалы отбасының бірі осындай қолдаудың арқасында мектепке қажетті заттарды жинап, балаларын жаңа оқу жылына сенімді түрде дайындап отырғандарын жеткізді. Бұл — қоғамдағы мейірімділіктің, азаматтық белсенділіктің және мемлекеттік қолдау тиімділігінің нақты көрінісі.
«Емен» саябағында өткен жәрмеңке әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық қайырымдылықтың жарқын үлгісі. Бұл шара білім саласына деген қамқорлықтың, кәсіпкерлер мен билік арасындағы тиімді қарым-қатынастың және аудан тұрғындарының бірлігінің көрінісі.
Ә.Дүйсенұлы