ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ

0

Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозовтың төрағалығымен кезекті кеңес отырысы өтті. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің Қордай ауданында жүзеге асырылу жайы сөз болды. Келелі кездесуге облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова мен аудандық жобалық офистің мүшелері, бөлім басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алдын ала бекітілген күн тәртібіне сәйкес кеңес отырысында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының Қордай ауданында жүзеге асырылу барысы бойынша екі мәселе талқыға салынды. Бүгінде Елбасының аталған мақаласына үш жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында елімізде көптеген маңызды шаралар қолға алынып, игі бастаманың ауданымыздың өсіп-өркендеуіне де сеп болғаны жасырын емес. Аталмыш бағдарлама аясында білім беру мекемелерінің атқарған жұмыстары бойынша аудан әкімдігіне қарасты білім бөлімінің өкілі Анар Қожабергенованың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының айтуынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айқындалған тапсырмалар білім беру мекемелерінде кеңінен жүзеге асырылып келеді. Яғни, мақаланың «Тәрбие және білім» атты кіші бағдарламасы негізінде «Өлкетану», «Саналы Азамат», «Отаным-тағдырым» атты үш негізгі бағыт жан-жақты жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, арнайы жобаның «Туған жер», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» атты төрт кіші бағдарламасы да жұмыс істейді. Бұл кіші бағдарламалар бойынша білім бөлімінің атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Бұдан бөлек «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әрбір мектеп қабырғасында іс-шаралар мен байқаулардың өткізіліп тұратыны белгілі болды. Осыдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова сөз алып, бөлімдегі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мәлім болғандай мәдениет бөлімінде аталмыш бағытта қолға алынған жұмыстар аз емес екен. Қазіргі қалыптасқан ахуалға қарамастан бөлім қызметкерлері онлайн форматта жұмыс жасап келеді. Отырыс соңында кеңес төрағасы Бейқұт Жамангозов баяндамашылардың жұмысына оң баға беріп, бірқатар тапсырмаларын жүктеді.

 

Мадияр ҚАРАБАЕВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.