ЖАҢА ОРЫНДА ЖАҢА СЕРПІНМЕН

0

Дүйсенбі күні аудандық «Тілдерді оқыту орталығы» үшін жағымды жаңалықпен басталды. Олар Қордай ауылында жаңа ғимаратқа көшіп барды. Бұл оқыту орталығы қызметкерлері үшін де, тіл жанашырлары мен сонда мемлекеттік тілді үйреніп жүрген жандар үшін де жағымды жаңалық. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық Қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаева, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков және орталық қызметкерлері мен оқушылары қатысты.

Салтанатты лента қию рәсімінен кейін жиналған қауым ғимарат ішін аралап көріп, жақсы бағаларын берді. Сол жерде шағын дөңгелек үстел ұйымдастырылып, орталық директоры Әлия Итжанова осыған дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, алдағы жоспарларымен бөлісті. 2020 жылдың желтоқсан айында құрылып, жұмысын бастаған «Тілдерді оқыту орталығының» осы аздаған уақыт ішінде атқарған жұмысы аузы толтырып айтуға тұрарлықтай. Облыс орталығына барып білімдерін толықтырып келген мамандары қазір өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда үлкен жетістіктерге жеткен. Осы орайда баяндамашы орталыққа қомқорлық жасап, жаңа ғимаратқа көшуге ықпал жасаған аудан әкімі Мәден Мұсаевқа алғысын білдірді.
Мекеме директорының айтуынша қазір орталықта мемлекеттік тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Техникалық базасы жеткілікті. Мобильді қосымшалар мен түрлі сөздіктер қарапайым қазақ тілін үйренуге көп септігін тигізіпті. Жалпы қазақ тілін үйрену үшін 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 47 топта 592 тыңдаушы оқып, 572-не сертификат берілген. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жалпысы 61 топ жұмыс істеп, 744 тыңдаушы қамтылыпты. Ал, ағылшын тілі курстары бойынша 2021 жылы 14 топта 162 тыңдаушы болса, биыл 14 топта 166 тыңдаушы жұмылдырылған. Тілдік капиталды дамыту мақсатында орталық тарапынан 36 шара ұйымдастырылыпты. Олардың қатарында тақырыптық диктант жазу да бар.
Атқарылған жұмыстарға бәрекелді дескен қонақтар өз ойларын ортаға салып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Жиын соңында белсенді қатысушылары сөз алып, мемлекеттік тілді үйрену барысы, қазіргі деңгейлері турасында сөз етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.