«Тараз» ӘКК АҚ» өз жұмысын жан-жақты іздену арқылы жетілдіріп келеді. Соның бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыруда «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» бағдарламасын қолға алды. Мәселен, 2025 жылы аталмыш бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 9,3 миллиард теңге бөлініп, көкөніс қоймаларын салуға – 4, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге – 4, қой шаруашылығы фермасын құруға – 1, балық шаруашылығын ұйымдастыруға – 1, құс шаруашылығында асыл тұқымды құстарды өсіруге – 1 жоба қаржыландырылды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында бір көкөніс қоймасының құрылысы аяқталды.
Аталған жобалардың арасында жылдық қуаттылығы 10 миллион жұмыртқа шығаратын заманауи құс шаруашылығында асыл тұқымды құстарды өсіру кешені жобасын айрықша айтуға болады. Бұл жоба осы саладағы генетикалық потенциалды нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты жоғары сапалы отандық инкубациялық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылдың 30 желтоқсанына жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 10 000 орынға арналған заманауи қой фермасын құру жобасының да жұмысы қарқынды жүргізуде. Бұл жоба мал шаруашылығы саласын дамытуға, сапалы ет пен жүн өндіруді арттыруға, осы арқылы ішкі нарықты жоғары сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2026 жылғы 30 желтоқсан. 2026 жылға аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөліну жоспарлануда. Бүгінде осы қаражатты игеру үшін қажетті өтінімдер жинағы қалыптастырылды.
Облысымызда агроөнеркәсіптік кешен жобаларын іске асыру нәтижесінде сүт өндірісі жылына 12 мың тоннаға артып, сүт өнімдері импортын алмастыруға ықпал етпек, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау көлемі 86 мың тоннаға артып, отандық өнімді маусымаралық кезеңде сақтау және сату арқылы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар өңдеу көлемінің 16 мың тоннаға артуы қалдық өнімдер мен артық шикізатты тиімді пайдалануға, жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді. Суармалы жерлердің ауданы 690 гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға оң әсер етеді.
Қазіргі таңда өңірде осы бағдарлама аясында 183 тұрақты жұмыс орны құрылған.
«Тараз» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі