Жаңа жыл – баршамызды шаттыққа бөлеп, жүрекке жылулық сыйлайтын ғажап мейрамдардың бірі. Бұл сиқырға толы мерекеде балалармен қоса ересектер де армандар орындалып, жағымды өзгерістердің болатынына сенеді. Ал Жаңа жыл түні сәбилі болған отбасылар үшін бұл мереке расымен ғажап болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Жаңа жыл қарсаңында республиканың перзентханаларында 191 сәби, 101 ұл және 90 қыз дүниеге келді. Бұл балалардың арасында кішкентай қордайлықтар да бар. 1 қаңтар күні Қордай ауданында ең бірінші болып қыз бала дүние есігін ашты. Таңғы сағат 5.40-та салмағы 3 келі 711 грамм болып туған нәрестенің қазір жағдайы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, 2024 жылдың басынан бері (1 қаңтар мен 3 қаңтар аралығында) Қордай орталық аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде 16 сәби дүниеге келіпті, олардың 10 – қыз және 6 – ұл.
Еске салайық, 2023 жылдың аяғында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осыған байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, халқымызды құттықтаған еді. Ендеше мереке мерейін асырып дүниеге келген әр нәресте еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болғай деп тілейміз!