Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды аудан тұрғындары орталық алаңда атап өтті. «Жаңару жыршысы – Наурыз» атты мерекелік шараға келген тойшыл қауым үшін ақшаңқай киіз үйлер бой көтеріп, этноауыл орын тепті. Жиылған жұртшылық назарына қазақтың салт-дәстүрінен көріністер көрсетіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.
Биыл Ұлыстың ұлы күнін қордайлықтар наурыздың 14-інен қайта жаңғырған «Көрісу» мейрамынан бастап атап өтуде. Қаһарлы қыстан аман шыққан жұртшылық бір-біріне қонаққа барып, мұсылман күнтізбесіне сай жаңа жылға дайындық жүргізді. Бірақ, ауа райы әз Наурыздың келгенін енді ғана сезгендей. Таң сәріден күн шуағын шашып, нұрымен айналаны бөлеп тұр.
21 наурыз күні орталық алаңда аудан тұрғындары мен қонақтарға Наурызға арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Бегзат Болатбеков құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
-Күн менен түн теңеліп, Жер-Ана жаңа күйге еніп, тіршілік атаулы оянып, айнала мәре-сәре болатын Ұлыстың ұлы күні –жыл бастауы әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз елімізге тыныштық, жерімізге молшылық, әрбір отбасына бақ-береке, ырыс-құт әкелсін деп тілеймін! – деді Бегзат Сейсенқұлұлы.
Артынша жұртшылық театрландырылған көріністі, сондай-ақ, жергілікті өнерпаздардың дайындаған концертін тамашалады.
Бұл күні тойшыл қауым наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Сонымен бірге, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, т.б. спорт түрінен өзара сынға түсті. Ал кішкентайлар атқа мініп, алтыбақан тепті.
-Биылғы Наурыз мейрамы киелі Қордай жерінде ерекше тойлануда. Күнде тамаша болып, нұрын шашып, жылы болып тұр. Барша жерлестерімді әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бақыт, береке, игілікті табыс тілеймін. Күн мен түн теңелетін, көктемнің мерекелі айы Наурыз жылдан-жылға ерекше форматта тойланып, жаңашалана берсін, — деп тілегін жеткізді, ақсақалардар қауымы.
Көтеріңкі көңіл-күймен ұйымдастырылған әрбір шараға белсенді қауым атсалысуда. Бірі спортқа деген бейімдіктерін көрсетіп жатса, енді бірі әсем әннің ырғағына билеу үстінде. Ал ұлттық құндылықтарға қанығамын дегендер үшін киіз үйлер тігілген. Шаңыраққа кіріп, қазақ халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен танысуға болады. Олармен бір қатарда орналасқан аудандағы этно-мәдени бірлестіктер де шет қалмай, өз өнерлерін көрсетіп, келген қонақтарды ән-биімен баурап алды.
Айта кетейік, Наурыз мейрамы ауданымызда ауқымды, жарқын, тату және көңілді аталып өтті. Өңірдің барлық ауылдарында мерекелік концерттер, ұлттық спорт жарыстары, салт-дәстүр қойылымдары, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылды.
Анжела ИЗАЕВА