Сәрсенбі күні Қордай ауданы әкімдігі жанынан құрылған аудан бойынша азық-түлік тауарларының бағаларына зерделеу жүргізу жөніндегі мониторингтік топ мүшелері Қордай ауылындағы бірқатар сауда орындарында болды. Аудан әкімінің орынбасары Е.Нұралиев бастаған топ мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мен қамтамасыз етілуі бойынша бақылау жүргізді. Сондай-ақ, заңсыз немесе белгіленбеген орындарда сауда жасап жүрген кәсіпкерлерге ескерту жасады.
Мониторингтік топтың құрамында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, Қордай ауылдық округі әкімі мен мамандары, полиция бөлімінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері бар.
Зерделеу барысында сауда орындарындағы халыққа қажетті өнімдер жеткілікті екені анықталды. Осы орайда топ мүшелері кәсіп иелеріне бағаларды тұрақты ұстап тұруды ескертіп, бағаны негізсіз көтеру жауапкершілік жүктейтіні жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Рейд жұмыстары барысында онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолданбаған 6 кәсіпкерге ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 284-бабының 3-ші тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құжаттары аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.
Сонымен қатар, белгіленбеген орында сауда жасаған 3 азаматқа ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 204-бабына сәйкес айыппұл салынып, 2 азаматқа ескерту берілді.
Алдағы уақытта да мониторингтік топ тарапынан аудандағы сауда орындары мен базарлардағы тауарлардың бағасына тұрақты бақылау және талдау жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Айта кетейік, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, бүгінде ауданымызда тұрғындар жиі тұтынатын, яғни әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жеткілікті.