ЖАЙЛЫ ӨМІР СҮРУ ОРТАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

0

«Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», — деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда «Ауыл — Ел бесігі» жобасының ауқымы ауыл тұрмысын тіктетуге зор ықпал етіп келеді. Жобаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. Жоба жемісін Қордай ауданы тұрғындары да сезінуде.

Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылға Қордай ауданы бойынша 34 жобаға 2731 млн. теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде тікелей аудан әкімдігі тапсырыс беруші болып табылатын  29 жоба бар.  Осылардың ішінде спорт саласында 3 жоба іске асуда. Мәселен,  Қарасу ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Кеше ғана облыс басшысының қатысуымен пайдалануға берілген алып кешен өз жұмысын бастады. Осыған дейін Ауқаттыда осындай кешен салынса, Қарасайдағы спорт нысанының жұмысы белгілі себептерге байланысты тоқтап тұр.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы жемісінің дәмін мәдениет саласы қызметкерлері де татуда. Жоба аясында Қарасу ауылында 90 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе,  Қақпатас ауылында бой көтеріп жатқан мәдениет үйінің кілтін құрылысшылар осы жылдың қараша айында тапсырамыз деп отыр. Бетқайнар ауылында былтыр басталған мәдениет ошағының да аяқталуы осы қараша айына жоспарланған. Ал, Қарасай батыр ауылында  180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жоба аясында басталған.

Жобада ауылішілік жолдарға да аса мән берілген. Мәселен,  Қақпатас ауылындағы 10 көшені орташа жөндеуге 206,2 млн. теңге бөлініп, жұмыстар аяқталуға таяу. Ал, Жамбыл ауылдық округінде 19 көшені орташа жөндеуге 279,1 млн. теңге бөлініп, ол жұмыстар да соңына жетіп қалған.  Сондай-ақ, Әлжан ана ауылында 4 көшеге, Қордай ауылында 14 көшені орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Беткайнардағы Қожантаев көшесі, Өтеген ауылында Абай көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолды абаттандыру да жоба аясында іске асуда.

Облыстық бюджеттен  қаржыландырылған 5 жоба ішінде  №2 М.Ломоносов атындағы орта мектепті күрделі жөндеу, Сортөбе ауылында 200 келушіге емхана құрылысы, Масаншы ауылдық емханасына қосымша құрылыс салу және  Беріктаста ФАП құрылыстары бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.