ЖАЙЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ: ЖОСПАРДЫҢ ЖАРТЫСЫ ҒАНА ОРЫНДАЛДЫ

0

Табысын төрт түліктен айырып отырған ауылдардағы ағайын жайылым жер таппай біраз жылдан бері әуреге түсіп жүргені баршаға мәлім. 2021 жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылып жатқанын айтқан болатын.

Мемлекет басшысы аталған жиында Үкіметке еліміздің Бас Прокуратурасымен бірлесіп, жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жерлерді кері қайтарып, ауыл халқының игілігіне беруді тапсырған еді. Содан бері жұмыс қыза түсті. Біршама уақыт бұрын Amanat партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 140 мың гектар жерді кері қайтарған еді. Әлбетте, билік партиясы жанынан құрылған комиссия мүшелері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісін беретініне бек сенеді. Ал өңірлерде жағдай қалай?
Жамбыл облысында бастау алған ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдеп қойған. Аталған жобаны лайықты түрде жалғастырып, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін де жайылымдық жердің қажет екені даусыз. Өйткені қанатқақты жобаның арқасында төрт түлікті өргізген шаруалар жайылым жер мәселесінің шешімін тапқанын қалайды. Мал шаруашылығын мықтап қолға алғандар бұл мәселе жедел түрде оңынан шешілсе дегенді ашық айтып та жүр.
Өңірде жайылым жер мәселесін шешу жолында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, кейбір нәтижелер әлі де көңіл көншітер емес. Сондықтан да жұмысты ширатпаса болмайды.
«Қолда бар жайылым жерлерді пайдалануды дұрыс ұйымдастыра алмауға және жеке аулалардағы мал басының өсуіне байланысты жекелеген ауылдық округтер бойынша 683 мың гектар жайылым жетіспейтіні анықталып, мәселені шешу жолдары белгіленген еді.
Жалпы, жайылымды пайдалануды реттеу жұмыстарын жүргізуге бес бағыт ұсынылды. Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 225,0 мың га жайылым жерлерді елді мекенге беру жұмыстары басталды. 2021 жылы 227,5 мың гектары (2022 жылдың 6 айында 0,7 мың га) берілді», дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтару жүргізіліп жатқан көрінеді. Осылайша, елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста орналасқан 199,6 мың гектар жайылым жерді ауылдық округтерге бекітіп беру басталған. 2021 жылы – 13,6 мың гектар, осы жылдың есепті мерзімінде 7,8 мың гектар қайтарылды.
«Бірінші кезекте бұл жерлердің аумағын нақтылап, ауылшаруашылығы алқаптарына бөлу жүргізілді. Нәтижесінде, осы радиусқа енетін жерлер аумағы 147,2 мың гектарды құрайтыны нақтыланды. Екіншіден, осы уақытқа дейін мемлекет меншігіне алынған жерлердің аумағы нақтыланып, оның қаншасы Жер инспекциясының пәрменімен, қаншасы жергілікті атқарушы органдар күшімен қайтарылып отырғаны анықталды. Нәтижесінде, мемлекет меншігіне қайтарылған 31,6 мың гектар жер түгелдей дерлік жергілікті атқарушы органдар, яғни аудандық бө¬лім-дердің күшімен қайтарылғаны анықталды.
Үшіншіден, облыстың елді мекендер маңындағы жайылымдарды мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару облыс бюджетіне қаншалықты күш түсіретіні нақтыланды. Бұған 931,0 млн теңге бюджет қаражаты қарастырылуы керек. Сонымен қатар мемлекетке қайтарылатын жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлік нысандары үшін өтемақының бөлек есептелетінін ескеру қажет. Дегенмен жайылым жерлердің басым бөлігі жалға берілгенін ескерсек, шығын көлемі неғұрлым төмендейді», дейді Бақтияр Көпбосынов.
Мемлекет мұқтажы үшін алынатын жерлердің үлкен өтемақы мөлшері облыс бюджетінде қарастырылуға тиіс. Себебі аудандар бюджетінің мүмкіндігі шектеулі. Осы орайда Б.Көпбосынов тиісті жұмыстар тек 8 ауданда ғана атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Сарысу және Тұрар Рысқұлов аудандарында жұмысты жүйелеу қажет. Кейбір аудандардың салаға жауап беретін орынбасарлары жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отыр.
«Жайылым жерлер көлемін 418 мың гектарға ұлғайту қарастырылған. Оның 107 мың гектары босалқы жерлер есебінен, 166 мың гектары 5 шақырымдық радиуста орналасқан жерлер есебінен, 146 мың гектары игерілмеген жерлер есебінен қалыптасады. Сонымен қатар жайылым жетіспеушілігін жоюда пайдаланылмай жатқан резервтер бар. Мысалы, әрбір ауданда үлескерлердің саны 50 адамнан асатын агроқұрылымдар бар. Ал олардың иелігінде тіркелген мал басы жоқ, яғни үлескерлердің жайылым жерлері мақсатты пайдаланылмай жатыр.
Сондықтан аудан әкімдері бұл жерлерді қайтару немесе үлескерлердің малын сол жерлерге жаюды ұйымдастыру бағытында ауыл әкімдерінің жұмыстарын үйлестіруі керек. Бұл шара өз кезегінде жайылым жетіспеуін жоюға үлкен септігін тигізеді», дейді Бақтияр Көпбосынов.
Басқарма басшысы келтірген деректерге зер салсақ, жайылымдық мақсаттағы жерлерді кері қайтару жолында әлі де қыруар жұмыстар атқарылуы қажет. Бұл жұмысты басқарма басшысы жалғыздан жалғыз жүріп еңсере алмасы рас. Сондықтан да өңірдегі он ауданның әкімдері аталған жұмысқа білек сыбанып кіріскені жөн.
Өзекті мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовті де толғандырмай қоймайды. Өйткені қанатқақты жоба арқылы тірлігін тіктегісі келген шаруалар жайылым жерден тарықпауы керек. Сонда ғана іс өнеді, халық табысы артады.
«Аудан әкімдері ауыл халқының табысын арттыру бойынша қанатқақты жобаның көлемін ұлғайтуды сұрайды. Әрине, жобаны іске асыру нәтижесінде мал басы өсетіні баршаға түсінікті. Егер аудан әкімдері жайылым жер мәселесін уақтылы шешпесе, бұл малды қайда жаюға ниеттеніп отыр? Нақты жоспар мен әдістеме түсіндірілді. Біз бұл мәселені талқылап жатқанымызға бір жыл болды. Енді уақыт жоғалтпай, жұмысты жүйелеген жөн», дейді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.
Ауылдағы ағайынның бары – төрт түлік малы. Жағдайдың түзелгенін қалайды. Масылдық психологиядан арыла бастаған өңірдегі жұртшылық тірліктің көзін, табыстың өзін тапқысы келеді. Сол үшін де мал шаруашылығына мықтап ден қойған. Ресми деректерге зер салсақ, Қазақстан халқының 42 пайызға жуығы елді мекендерде орналасқан. Олардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысып отыр.
Жайылымға арналған жердің жоқ болуы себебінен төрт түлік атаулы бірер жыл бойы елді мекендердің маңында жайылып келген еді. Салдарынан 5-10 шақырымға дейінгі радиуста жаз шықпай жатып жер тақырланып кететін. Тиісінше, жайылымдар да тоза бастаған еді. Өткен жылғы дерекке көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша жалпы жер атаулының 27 миллион гектары азып тозғаны расталған. БҰҰ сарапшылары осындай олқылықтардың кесірінен Қазақстан 1 миллиард долларға дейін шығынға батып отырғанын алға тартады.
Жайылым жердің қат екенін жақсы білетін облыс басшысы өзекті мәселені оңтайлы шешуге ниетті. Нәтиженің қандай болатынын жыл соңында көре жатармыз. Әзірге қажетті 683 мың гектар жердің 334 мың гектары қайтарылды. Әлбетте, мәселе жартылай ғана шешімін тапқаны аңғарылады. Олқылықтың орны алдағы уақытта толтырылатын шығар…

Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ

Leave A Reply

Your email address will not be published.