Жуырда елорда төрінде еліміздің қоғамдық-саяси күштерін біріктірген «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылған болатын. Бұл бастама қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, азаматтардың ел дамуына тікелей қатысуына жол ашуды көздейді. Осыған сәйкес, өңірлік коалициялар еліміздің барлық аймағында жұмысын бастап, Конституция жобасының негізгі ережелерін халыққа түсіндіруді қолға алды.
Осы орайда дүйсенбі күні Жалпыұлттық коалицияның Республикалық штабының мүшелері Қордай ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Делегация құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, «Respublika» партиясы облыстық филиалының төрағасы Айнұр Келимбетова, «BL Group 2030» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов, «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығының» төрағасы Зайнуддин Махусеев болды.
Алдымен республикалық штаб мүшелері аудандық Мәдениет үйінде жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен түрлі сала өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Жиынды партияның Қордай аудандық филиалының төрағасы Б.Жамангөзов ашып, штаб мүшелерін таныстырды.
Кездесу барысында сөз алған Сенат депутаты Бекболат Орынбеков халықтық Конституцияның басты ерекшелігіне тоқталып, бұл құжат елдің болашағын айқындайтын тарихи шешім екенін атап өтті.
«Бүгінгі бастама – халықтың үнін ескеруге бағытталған қадам. Конституция әр азаматтың құқығы мен еркіндігін нақты қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан біз өңірлерге шығып, елмен бетпе-бет кездесіп, ұсыныстар мен пікірлерді тікелей тыңдауды маңызды деп санаймыз», — деді ол.
Жалпыұлттық коалицияның облыстық штабының мүшелері Лугмар Буларов, Айнұр Келимбетова, Зайнуддин Махусеев те сөз сөйлеп, әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы конституциялық өзгерістердің маңызын кеңінен түсіндірді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әлімбет, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Н.Молдабеков, «Ахыска» этномәдени бірлестігінің жетекшісі К.Дургалова бастаманы қолдайтын пікірлерін білдірді. Ашық форматта өткен пікір алмасу жиынның мазмұнын байыта түсті.
Жиыннан кейін жұмысшы топ «Ақтас» ЖШС-ның еңбек ұжымымен жүздесті. Делегацияны серіктестік директорының орынбасары К.Афонин қарсы алды. Өндіріс алаңында өткен кездесуге 50 адам қатысты. Делегация мүшелері еңбек ұжымына жаңа Конституцияның адам құқықтарына түбегейлі бағдарланғандығын және жаңа қоғамдық келісімнің берік негізін қалыптастыруға бағытталған құжат екендігін жеткізді. Сонымен қатар наурыз айында өтетін жалпыхалықтық референдумда белсенділік танытуға шақырды. Кездесу барысында «Ақтас» ЖШС жұмысшылары да өз ойларын жеткізіп, жаңа Конституцияны қолдайтындарын тілге тиек етті. Айта кетейік, «Ақтас» ЖШС жылына 1 миллион тонна әктас және 200 мың тонна тасшағыл өндіреді.
Одан әрі делегация асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Бай-Нұр» шаруа қожалығында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Қожалық басшысының орынбасары С.Жетібаев қонақтарды қарсы алып, өндіріс барысымен таныстырды. 50-ге жуық жұмысшы қатысқан кездесуде Бекболат Орынбеков Жаңа Конституцияда еңбек адамдарының әлеуметтік құқықтарын қорғайтын арнайы бап барын атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды. Облыстық штаб мүшелері Л.Буларов пен А.Келимбетова да ой-пікірлерімен бөлісті.
Жұмыс сапары Сортөбе ауылдық округінде қорытындыланды. Ауылдық мәдениет үйінің алдында өткен кездесуде Республикалық штаб мүшелері кезегімен сөз алып, ауыл тұрғындарына жаңа Конституцияның, алдағы саяси науқанның мән-маңызын кеңінен түсіндірді. «Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығының» төрағасы Зайнуддин Махусеевтің сөзінше, жаңа редакцияда бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде бекітілген. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Коалиция өкілдері халықтың әрбір пікірі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Қордай ауданындағы бұл кездесулер халықтық Конституцияны елмен бірге талқылауға, азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғамдағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ