Жамбыл өңірінде көктем мезгілі ірі мәдени оқиғалармен басталмақ. 2026 жылғы туристік маусым аясында өңірде екі ауқымды халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар арнайы бекітілген якорлық іс-шаралар күнтізбесіне енген және қонақтарға көне дәстүр мен табиғи байлықтың үйлесімін танытуды көздейді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Алғашқы шара Тараз қаласында өтеді. 23 сәуір күні Көне Тараз аумағында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық фестиваль шымылдығын түреді. Бағдарлама таңғы 10:00-де Dombyra Party форматындағы әсерлі ашылумен басталып, күн бойы киіз үйлер қалашығында Алматы, Түркістан және шетелдік шеберлердің көрмелері мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.