ЖАМБЫЛ – ЖЫРДЫҢ АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ

0

Қордай аудандық мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы жыр алыбы, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жамбыл – жырдың алып бәйтерегі» әдеби-сазды кеші өтті.

Тағылымды кеш барысында ақынның дүниеге келген сәтінен бастап өнегелі өмір жолын қамтыған сахналық көріністер ұсынылды. Көрермендерге ақынның бала кезінен қалыптасқан өнер жолы, халыққа қызмет еткен шығармашылық ғұмыры әсерлі түрде бейнеленді. Кештің мазмұнын байыта түскен көріністердің бірі – Құлмамбет пен Жамбыл арасындағы тарихи айтыстан ұсынылған үзінді болды. Бұл сахналық қойылым көрермендерге ақынның суырыпсалмалық өнерін, тапқырлығын және айтыс өнеріндегі шеберлігін тағы бір мәрте танытты.

Сонымен қатар колледж білімгерлерінің қатысуымен Жамбыл атамыздың ұлын соғысқа аттандырар сәті сахналанып, көрермендердің жүрегіне ерекше әсер қалдырды. Әке жүрегіндегі толғаныс пен елге деген сүйіспеншілік шынайы бейнеленіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әсерлі көріністермен қатар әуелеген ән мен күмбірлеген күй кештің мазмұнын байыта түсті. Өнерпаз жастардың орындауындағы музыкалық нөмірлер жиналған қауымның көңілінен шықты.

Шара аясында «Жамбыл мұрасы – ұлт қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрермендерге ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер таныстырылды.

А.МАХАМБЕТОВА, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.