ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ ЖАДЫМЫЗДА

0

Атамыз Сейфулда Рамазанов ортамызда болғанда 2023 жылдың 5 қарашасында 100 жасқа толар еді. Оның бақилық болғанына биыл 34 жыл, әлі күнге дейін атамыздың жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді. Ол мейірімді әрі қамқор ата, ардақты әке, білімді, парасатты азамат болды. Әріптестері оның адалдығын, жоғары жауапкершілігін, сыпайылығын айтып отыратын. Бәкиза әжемізбен бірге жеті баланы – төрт ұл, үш қызды тәрбиелеп, оқытып, аяқтандырды. Көзі тірі болғанда 15 немере, 27 шөбере сүйіп, тәтті қылықтарына  тамсанып отырар еді.

Біз гвардия лейтенанты, соғыс ардагері, облыстық маңызы бар дербес зейнеткер – Ұлы Жеңіс қаһарманының ұрпағымыз.

Атамыз соғыс туралы айтуды ұнатпайтын, соғыс туралы әңгіме болса қинала сөз сабақтайтын, сұм соғыстың қанша адамның өмірін жалмағаны оның жанына бататын. Дегенмен ол жолдастары және майдандастарымен, сондай-ақ іздестіру топтарымен қуана хат алысып отыратын. 1983 жылы 69-гвардиялық дивизия басшылығының шақыртуымен Волгоградқа барып, Сталинград шайқасының 40 жылдығын мерекелеуге қатысты.

18 жасында 1942 жылдың наурыз айында ол белсенді әскер қатарына шақырылып, Ашхабадтағы артиллерия училищесінде жеделдетілген курстардан өтіп, Сталинград майданының 21-дивизиясының 817-артиллериялық полкіне жіберіледі. Дәл сол жерде, Сталинградта, Ұлы Отан соғысының толқынын өзгерткен шайқастарда ол алғашқы жауынгерлік қадамын жасады. Украина мен Молдова, Румыния, Венгрия, Австрия жерін басып өтіп, соғысты 4-армия құрамындағы 69-шы гвардиялық дивизияның 208-ші полкінің взводтарының бірінің командирі ретінде аяқтады.

Ата елге 1946 жылы ғана оралды. 1956 жылы Республикалық жоғары партия мектебін бітіріп, ұзақ жылдар Қордай ауданында партиялық қызметте болды.

Майдан жарақаттарының салдарынан ұзақ уақыт ауырып, мүгедек болып, туған ауылына барады. Ол кезде колхоз «Красный Октябрь» деп аталған, қазіргі Сұлутөр ауылы. Науқастығына қарамастан колхозда кадр бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеп, ауыл адамдары арасында үлкен беделге ие болды.

Сол жерге үй салып, балаларын жетілдіріп, немерелерін өсірді. Атам Сұлутөрден бұлақ тауып, өзі соны күтіп-баптаған. Сол бұлақ ауылда әлі күнге бар, әрі атамның есімімен аталады. Біз атамыздың барлық әскери наградаларын сақтап қойдық, оның ерлігі туралы естеліктерді балаларымызға үнемі айтып отырамыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, үрім-бұтағы барда атамыздың аты өшпейді.

Сейфулда Рамазановтың немерелері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.