ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ

0

Аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайдың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау бойынша комиссияның отырысына полиция қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар санының өсу себептері талқыланып, атқарылып жатқан шаралар
алға тартылды.
Жиында бірқатар жауапты тұлғалар атқарылған жұмыстар турасында баяндама жасады. «Ауданда 48 мектеп, 4 колледж бар, жалпы білім алушылардың саны – 50925 адам. Оның ішінде оқушылар – 30386, жекеменшік мектеп оқушылары — 1376 және білімгерлер – 2143. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ювеналды полицияға 752 жасөспірім жеткізіліп, оның 633 әртүрлі құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қиын жағдайға тап болған 8 бала Тараз қаласының оңалту орталығына, 1 бала «Үміт» балалар үйіне жеткізілді. Ата-ана міндетін тиісінше орындамағаны үшін 29 ата-анаға қатысты хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Екі ата-ана құқықтарынан айырылды.
6 ай ішінде ауданның оқу мекемелерінде 429 дәріс, 7 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жыл басынан 3 профилактикалық іс-шара, «Түнгі қала балалары», «Жолдағы балалар қауіпсіздігі», «Мен және менің полицейім» атты акция өткізілді. Мамыр айында тұрақты түрде жол қозғалысы ережелерін және су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша рейд жүргізіледі. Бірінші жартыжылдықта 2 суицид жағдайлары тіркелді. Қазіргі таңда қатаң бақылаумен жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың өсуіне ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және оларға жол бермеуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар қолға алынған», — деді ювеналды полиция өкілі Ж.Косжанова.
Келесі кезекте Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары И.Черныхтың балалардың жарақат алуы туралы баяндамасы тыңдалды.
«2022 жылдың 6 айында балалар арасында жарақат алған 213 жағдай тіркелді. Оның ішінде 102 бала стационарлық ем алды, олардың арасында 6 – термиялық күйік, 61 — әртүрлі жарақаттар (1 – 1,5 жастағы баланың терезеден құлау жағдайы), жол-көлік апаты — 32, аттан құлау – 3 бала. Стационарда 2 бала қайтыс болды (1 жарақат, 1 аттан құлау). Бүгінгі күнге аудан бойынша алған жарақаттардан кейін мүгедек болған 23 бала тіркелді. Олар сау болып туылып, енді толыққанды өмір сүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі балалар. Балалардың жарақат алуы және оның алдын алу – маңызды мәселе, әсіресе жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыты көбейіп, олар далада ата-ананың қарауынсыз қалғанда бұл мәселе өзекті болып табылады», — деді И.Черных.
«Құзырлы органдарда есепте тұратын балалар, басқа қалада оқыса да, оқымаса да, полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауында болуы керек. Мектеп директорлары да бұрынғы тәрбиеленушілеріне жауапсыз қарамау керек. Бірігіп оларды түзу жолға салу қажет», — деді Д.Сүгірбай.
Жиын соңында кәмелетке толмағандардың істері бойынша бөлімшелер мәртебесін көтеру, жасөспірімдер қылмыстылығының алдын алу және кәмелетке толма-ғандардың құқығын қорғау мәселелері бойынша азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықты дамыту, сонымен қатар бұл бағытта ішкі істер органдарының қызметін әрі қарай жетілдіру бойынша шешімдер қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.