ӨНЕРІМЕН ӨРГЕ ЖҮЗГЕН ӨРЕНДЕР

0

2022 ЖЫЛДЫҢ 2-8 ШІЛДЕ АРАЛЫҒЫНДА ИТАЛИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РИМИНИ ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН «MAGIA ITALIANA» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІНЕ ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ ҚАТЫСЫП, ЖЕҢІС ТӨРІНЕН КӨРІНДІ.
Бұған дейін де талай халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген аудандық Мәдениет үйінің әншісі Дархан Қабылдың бұл жолы да бағы жанды. Ол әйгілі әнші Б.Шүкеновтың «Отан Ана» әнін және италиян тілінде бір ән орындап, бас жүлдені иеленді. Аталмыш өнер сайысында ел намысын 30 жылдық тарихы бар аудандық «Махаббат» би ансамблінің дара бишісі, облыста би өнерін насихаттап жүрген жерлесіміз Махаббат Баденова да қорғап, бірінші орынды қанжығасына байлады. Мың бұралған бұрымды аруымыз қазылар алқасын «Алтынай» қазақ биімен және «Хорезм» биімен таң қалдырған. Сонымен қатар, өнер фестиваліне қатысқан аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, БЖШО-ның «Вокал» үйірмесінің қосымша білім беру педагогы Төлеген Қыдырбек және оның шәкірттері Жұлдызай Мырзахан, Маруа Аширова, Ернұр Сапиев жүлделі бірінші орынды иеленді.
Айта кетейік, Германия, Польша, Болгария елдерінен келген қазылар алқасы мүшелерінің қатарынан Қордай аудандық Мәдениет үйінің директоры Жанат Нұралиева да табылды. Өнер додасында топ жарған жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, Грецияда өтетін халықаралық өнер байқауына, Болгарияда өтетін «Summer camp» фестиваліне жолдама алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.