Бұқаралық спортты дамыту ел саулығының кепілі болса, жастарды спортқа баулу ел болашағының жарқын көрінісі мен абыройының асқақтауына сеп болар жағымды іс. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және еліміз үшін айрықша мереке – Конституция күні қарсаңында Қордай ауылында ашылған «Жас қыран» спорт клубыны соның дәлелі болса керек. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың пәрменімен жүзеге асқан тың жобаның ашылу салтанаты ерекше мерекелік көңіл күйде өтті.
Жиналға қауымды алдымен Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бегзат Болатбеков құттықтап, шараның мән маңызына тоқталды. «Әр мерекені жағымды жаңалықтармен, толағай табыстармен қарсы алатын ауданымыз еліміздің айшықты мерекелерінің бірі 30 тамыз – Конституция күнінін игі шарамен бастап отыр. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысы бойынша тұңғыш болып Қордай ауданында спорттық клуб ашылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауына бұқаралық спорттың дамуына ерекше назар аударғаны белгілі. Осыған байланысты өткен жылдың өзінде 4 ауылда заманауи үлгіде салынған спорт кешені қолданысқа берілсе, ағымдағы жылы тағы 2 ауылда спорт кешенін және аудан әкімінің қолдауымен 6 елді мекенде стритворкаут алаңшаларын салу жоспарлануда. Осылайша аудан бойынша спорт нысандарының саны 300-ден асып, бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатары арта түспек», — деді Бегзат Болатбеков.
Осыдан кейін сөз алған ауданның спорт ардагері, қазақ күресінен белгілі жаттықтырушы Мықтыбек Алтыбаев ақсақал барша қауымды мереке қарсаңына ашылып отырған, спортпен айналысам деген жастар үшін тамаша мекенге айналатын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, батасын берсе, мемлекеттік қолдаудың арқасында аталмыш клубтың қолданысқа берілуіне қолдау білдірген кәсіпкер Әділет Тұтқабаев сөз сөйлеп, аталмыш спорт нысанында жаттығып, алда ел абыройын аспандатар азаматтар шығатынына сенім білдірді.
Осыдан кейін ашылу салтанатына қатысқан қауым «Жас қыран» спорт клубының ішін аралап көрді.
Денсаулығын нығайтып, спортпен айналымен деген әр жасөспірім үшін мұнда барлығы жасалған. Көпсалалы болып келетін клубта 16 жаттықтырушы 400-ден астам баланы қабылдап, спорттың 8 түріне үйрететін болады. Бокс, дзюдо, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, таэквондо, волейбол және футболдан балалар осында жаттығатын болады. Қордай, Қаракемер, Әлжан ана, Гвардейский кенті, Отар, Сарыбұлақ ауылдарының балаларын қамтитын «Жас қыранның» болашағы жарқын боларына сенім мол.
Жандос Омаров