Өткен аптада Қордай ауданында еркін күрестің негізін салушы Рүстем Қошанұлы Көшербаевты еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Республикалық турнир өтті. Оған 2009-2010 жылдары туған жасөспірім спортшылар қатысып, боз кілемде кім мықтыны анықтады.
Ашылу салтанатына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысып, жарыстың қатысушыларына жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Рүстем Қошанұлының спорттық мұрасы және еркін күресті дамытудағы орасан зор еңбегін атап өтіп, сонымен қатар, жас спортшыларды рухты және батыл болуға, спортты жоғары деңгейде жалғастыруға шақырды.
Республикалық турнир жасөспірімдер арасында еркін күрестің дамуына, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ денсаулықты нығайтуға үлкен үлес қосады. Турнир жеңімпаздарына алдағы жарыстарда Қордай өңірінің намысын қорғауға мүмкіндік беретін жолдама беріледі.
Бұл спорттық шараның басты мақсаты – Рүстем Қошанұлының есімін құрметтеп, жас ұрпаққа оның үлгісін жеткізу және еркін күрес спортын жастар арасында кеңінен насихаттау болды. Турнир жеңімпаздарына диплом мен грамоталар, арнайы сыйлықтар табыс етілді.