ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ШОЛУ

0

Қазақстанда жастарға баспаналы болуға мүмкіндік беретін үш тәсіл бар.

Олар: Сатып алу құқығынсыз пәтер жалға алу;

Отбасы банк пен қала/облыс әкімдігі беретін жеңілдікті ипотека;

Отбасы банктің өз бағдарламасы бойынша жас отбасыларға берілетін жеңілдікті ипотека.

Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз пәтер жалға беру

Бұл тек Астана, Алматы және Шымкент тұрғындарын қамтитын бағдарлама. Жыл сайын 1000-1100 жаңа пәтерге жастар қоныстанады.

Қатысатындар – 35 жасқа толмаған жұмыс істейтін азаматтар.

Талаптар:

Өзінің және отбасы мүшелерінің атында баспана болмау керек.

Астана, Алматы не Шымкентте кемі үш жыл тұрақты тіркелу қажет. Ал отбасы мүшелері тіркелсе болды, мерзімі маңызды емес.

Отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс көлемі 40 АЕК, яғни 138 мың теңгеден кем болмауға тиіс. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының жалпы кірісі 552 мың теңге болады.

Одан бөлек билік балл жүйесін қолданады. Ол мыналар үшін беріледі:

нарықта сұраныс әлдеқайда жоғары мамандыққа – 10 балл.

отбасына – 5 балл;

бір балаға – 1 балл, одан кейінгі әр балаға – 2 балл;

1 жылдан кем емес уақыт кәсіпкерлікпен айналысса – 5 балл, кейінгі әр жылға – 1 балл;

еңбектегі жетістіктері үшін – 2 балл;

бюджеттік ұйымдағы еңбек өтілі үшін – 5 балл, онда қызмет еткен әр жыл үшін – 1 балл;

банктердің жинақ шотына/депозитке ақша салып, 40 АЕК-тен кем емес ақша жиналса – 2 балл.

Үміткерлердің балы тең болса, бірінші өтінім берген және жасы үлкендеу адамға басымдық береді.

Балл мен бала саны жалға берілетін үйдің ауданына әсер етеді.

Пәтерақы сомасы 5-15 мың теңге шамасында болады. Мерзімі – 3 жыл. Содан соң жалға алушы пәтерді босатады. Демек ол үш жыл ішінде өз пәтерін алуға жететін бастапқы жарна жинап үлгеруі керек.

Бағдарлама 2025 жылға дейін жұмыс істейді. Өтінім қабылдайтын уақыт БАҚ арқылы хабарланады.

 

Жастарға арналған өңірлік ипотекалар

Биыл бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жетісу, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Абай, Ұлытау облыстарын, БҚО-дағы Бөрлі ауданын қамтиды. Жуырда Атырауда іске қосылады.

Қаражатты Отбасы банк пен жергілікті әкімдік бөледі.

Оған мұғалім, дәрігер, журналистер, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала мамандары, коммуналдық мекеме, полиция, ТЖД қызметкерлері және тағы басқалар қатыса алады.

Қатысушыларға қойылатын талаптар:

Атында үй болмау және мемлекеттік қызмет атқару не бюджеттік ұйымда жұмыс істеу.

Жасы 35-тен аспау керек.

Ипотека шарттарында өңірге байланысты аздаған айырмашылық болуы мүмкін, бірақ негізгілері мынадай:

Мөлшерлемесі – 5%.

Бастапқы жарна – 10%.

Мерзімі – 25 жылға дейін.

Ең көп қарыз сомасы – 18 млн теңге.

Өтінім әр аймақта әртүрлі уақытта қабылданады, қалыс қалмау үшін БАҚ жаңалықтарын бақылап отырған жөн.

 

Жас отбасыларға арналған жеңілдікті ипотека

Отбасы банк «Жас отбасы» бағдарламасын ұсынады. Оны шаңырақ көтергеніне көп болмаған отбасы жас шамасына қарамай рәсімдей алады.

Шарттары:

Отбасы банкінен депозит ашып, бір жыл бойы ақша жинау керек.

Депозит ашқан уақытта неке қиғанына бес жылдан аспау қажет (неке туралы куәліктегі мәлімет бойынша).

Несиеге өтінім беретін кезде үй құнының 50 %-ы депозитте тұруға тиіс.

Банктің пайызы жылына 6% (ЖТСМ 6.3 %-дан басталады), екі жылдан кейін 5%-ға дейін түседі (ЖТСМ 5,2%-дан басталады).

Несие мерзімі 6 жылдан 9 жылға дейін.

100 млн теңгеге дейін береді.

Пәтер не жер үй таңдауға болады. Бірінші нарықтан алуға (үлестік қатысуды қоса алғанда), қолдан алуға, баспанасына жөндеу жүргізуге, сонымен қатар жер телімін сатып алып, үй салуға мүмкіндік бар.

Тағы екі бағыт бар – сатып алу құқығынсыз жалға алу және мемлекет көмегімен несие рәсімдеу. Ол үшін кезекке тұрып, баспанаға мұқтаж тұрғындар тізіміне ену керек.

Әкімдікте кезекте тұрғандарға сатып алу құқығынсыз пәтер жалға беру

Қатысатындар:

Жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.

Отбасының әр мүшесіне шаққандағы табғыс мөлшері 125.8 мың теңгеден аспайтын көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар.

Халықтың әлеуметтік осал топтары: ардагерлер, І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, зейнеткерлер, қандастар, толық емес отбасылар және т.б.

Мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, ғарышкерлер және т.б.

Жалғыз баспанасы апатты деп танылған ел азаматтары.

Қатысушыларға қойылатын талаптар:

Соңғы бес жылда басында баспана болмау керек.

Әкімдікте кезекте тұру қажет.

Елді мекенде тұрақты тіркелу, ал Астана, Алматы, Шымкентте тұрып жатқанына кем дегенде 3 жыл болуы маңызды.

Коммуналдық қордан пәтер алуға не әкімдік жалға алған пәтерге қоныстануға болады. Онда да тек өзіңіз тұратын аймақтан пәтер беріледі. Бұл бағдарламаның басты кемшілігі – күту мерзімі. Ол тым ұзаққа созылуы мүмкін.

Пәтер ақысы айына 5 000-15 000 теңге шамасында болады. Оның көлемін әкімдік бекітеді. Коммуналдық қызмет пен үйді күту үшін сұралатын ақшаны өз қалтаңыздан төлейсіз.

Жалға алушы үш жыл сайын келісімшарт мерзімін ұзарту арқылы пәтерді тұрақты мекен ете алады. Өтінім қабылдау басталғанда жергілікті тұрғын үй басқармасы хабар береді.

 

Кезекте тұрғандарға берілетін жеңілдікті ипотекалар

«2-10-20» (бұрынғы «Бақытты отбасы») және «5-10-20» (бұрынғы «Шаңырақ») ипотекаларының шарттары:

Мөлшерлемесі – жылына 2 және 5%.

Бастапқы жарна – 10%.

Мерзімі – 20 жылға дейін.

Екі пайыздық ипотеканы мына санаттағы азаматтар рәсімдей алады:

Мүгедектігі бар кісілер.

Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе «Батыр ана» атағын алған, сонымен қатар І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденін таққан көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.

5 %-дық ипотекаға кезекте тұрған басқа санат өкілдері қатысады.

Аталған екі бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы үйлер салынады. Қатысушылар құрылыс барысын otbasybank.kz порталы арқылы бақылап отырады. Өтінім бергенде белгілі бір нысандағы нақты бір пәтерді көрсету керек.

 

«9-20-25»: жас отбасыларға арналған жаңа ипотека туралы не белгілі?

«9-20-25» жаңа ипотека бағдарламасы 1 наурызда іске қосылады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң өткен брифингте белгілі болды. Бағдарламаға қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді, жоба «Отбасы Банкімен» бірлесіп жүзеге асады. «Отбасы банкі» бағдарлама талаптарын атады. Бағдарламаға қатысушы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйді, жеке құрылыс салушылардан сатып ала алады. Жоба нарықтық қаржыландыру арқылы жүргізіледі. Бюджет қаражаты пайдаланылмайды деді. «Отбасы банкі» жыл сайын 150 миллиард теңге көлемінде бюджеттен тыс ресурстар тартуды жоспарлап отырғанын, бұл жылына қосымша 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз ететінін айтты. Бағдарламаға қатысу рәсімінің барынша ашық болуы үшін қарыз алушының келісімімен «Отбасы Банкінің» интернет-ресурстарында несие алғандардың тізімдерін жариялау жоспарлануда.

informburo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.