ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ІСТЕРІ

0

Соңғы кезде еліміздің спорт саласын дамытуға барынша жағдай жасалып, баса назар аударылуда. Қордай ауданында да халықтың салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндіктер жасалған.

Мәселен бүгіннің өзінде Қордай, Әлжан ана, Отар, Гвардейск, Бетқайнар сынды бірқатар елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Сондай-ақ, Қарасай батыр, Қарасу және Сарыбұлақ ауылдарында спорт кешендерінің құрылыстары аяқталуға жақын. Аудан аумағындағы саябақтарда спорттық алаңшалар мен шағын футбол алаңдары көптеп салынуда. Бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамыту бағытында қолға алынған осындай іс-шаралар спортпен айналысатын тұрғындар санының артуына және кәсіби спортшылардың дайындығына игі әсер ететіні сөзсіз. Алайда тұрғындардың еш кедергісіз спортпен шұғылдануы үшін жасалған жұмыстардың қадірін түсініп, спорт кешендері мен алаңшаларына барынша ұқыппен қарау маңызды. Осы ретте Әлжан ана ауылының жастарын ерекше атап өткен жөн. Ауылдың жалынды жастары жергілікті дене шынықтыру-сауықтыру кешені басшылығының бастамасын бірауыздан қолдап, спорт кешенін жетілдіруге белсене атсалысты.
«Ватцапта «Жастар қоры» атты топ аштық. Спорт кешенінің әкімшілігінен жетіспейтін құрал-жабдықтардың тізімін сұрадық. Біз алынған параметрлер бойынша өз қолымызбен жылжымалы волейбол және баскетбол сөресін дәнекерледік. Сондай-ақ, бір жарым миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Жиналған қаражатқа спорттық сөмкелер, шлем, қолғап, арқан, гантель, зілтемір, күрес манекендері және т.б. қажетті бұйымдар сатып алынды. Ауыл жастары осындай игі істің басы-қасында болғандарына риза. Бұл бастаманы дәстүрге айналдырамыз деп шештік. Өйткені осы кешенге болашақта біздің балаларымыз келіп, спортпен айналысатын болады», — дейді ауыл жастарының өкілі.
Әлжан ана жастарының салауатты өмір салтын сақтауға ұмтылысы мен жергілікті спорт кешеніне деген қамқорлығына қарап риза боласың. Туған өлкесіне жанашырлық танытқан тұрғындардың игі бастамасы өзге ауылдық округтерге үлгі болары сөзсіз. Алдағы уақытта басқа ауылдың жастары да осы дәстүрді жалғастырып, ауданның спорт саласын дамытуға өз үлестерін қосса нұр үстіне нұр болар еді.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.