ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ ОРАНҒАН АУЫЛ

0

Абаттандыру мен көгалдандыру мәселесіне келгенде Үлкен Сұлутөр ауылы үнемі көш ілгері жүреді. Тек көктем мен күз айларында ғана емес жалпы ауа райы мүмкіндігін ұтымды пайдаланатын ауыл азаматтары күшімен көтерілген жеміс-жидек ағаштары өсірілетін өз тәлім бағы көздің жауын алады. Бұл бақтың негізі 2008 жылы қаланғанымен, соңғы жылдары оны кеңейту, жас ағаштар мен түрлі көшеттер отырғызу игі дәстүрге айналған. Сол кезде боз терек пен кәдімгі теректің әр түрінен 500 көшет Алматы облысының Шелек қаласынан жеткізілсе, кейін 1000 көшеттен қаламшалау тәсілімен 10000 жас терек өсіріліпті. Осындай әдіспен отырғызылған қарағаш көшеттері қазіргі таңда тамыр тартып, жайқалып тұр. Ал, жеміс ағаштарынан «Золотое превосходное» және «Красное превосходное» сұрыпты алмалар тәлімбақтың нағыз көркіне айналған. Осылайша, ауыл тұрғындарының еңбегімен бой көтерген бақ бүгінде көпшіліктің көзайымына айналып, мемлекет басшысының ауыл-аймақты көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы толыққанды жүзеге асты. Мұнымен қатар, абаттандыру жұмыстарына ауыл кәсіпкері С.Ермеков те сүбелі үлесін қосып, ауылдың кіреберіс тұсына ал-қызыл гүлдер, жасыл желек отырғызғанын айта кеткен жөн.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.