Жазғы демалыс – балалар ерекше ықыласпен күтетін уақыт. Бұл кезеңде бүлдіршіндер физиологиялық жағынан жетіліп, дүниетанымдары кеңіп, сана-сезімі арта түседі. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттауы әрі соған ықпал етуі маңызды. Биыл қордайлық балалар қайда демалады? Қанша бала лагерьге барады? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында аудандық білім бөліміне хабарластық.
Аудандық білім бөлімінің осы салаға жауапты мамандары жыл сайын арнайы іс-шаралар жоспарын дайындап, балалардың жазғы демалысты барынша тиімді өткізулеріне мүмкіндік жасайтындарын жеткізді. Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, биыл жаз мезгілінде мектептер, мектептен тыс білім беру мекемелері мен аула клубтарындағы үйірмелерге (тіл үйрену, өнер, спорт, қолөнер, техникалық бағыттағы) – 10467 оқушы барады. Ал аудандағы әлеуметтік санаттағы 1000 бала сауықтыру лагерінде демалыспен қамтылмақ. Оның ішінде жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, қорғаншылыққа алынған және патронаттағы балалар – 82, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар – 280, табысы төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар – 400, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жататын балалар саны – 238.
Ауыл сыртындағы мемлекеттік «Балауса» сауықтыру лагері бүгінде ағымдағы жөндеу, тазалау жұмыстарын аяқтап, жаңа маусымның ашылуына дайындық үстінде.
Айта кетейік, лагерь 4 ағымда 10 маусымнан бастап жұмыс істеп, әр ағымы 12 күннен ұйымдастырылады. Бірінші ағым 10-22 маусым аралығында, екінші ағым 24 маусым — 6 шілде аралығында, үшінші ағым 8-20 шілде аралығында, төртінші ағым 22 шілде-3 тамыз аралығында болмақ.
Сонымен қатар, мектеп жанындағы лагерьлер де ұйымдастырылуда. Мектеп жанындағы лагерьлерде 6980 баланы қамту жоспарланған.
Қорыта айтқанда, аудан оқушыларының жазғы демалыста білімін шыңдап, уақытты қызықты әрі пайдалы өткізулеріне барлық жағдай жасалған. Осы тұста аудандық білім бөлімі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін бақылап, сақтық шараларын сақтауды ұмытпауларын ескертеді.