ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

0

Спорт салауатты өмір салтының міндетті құрамдас бөлігі. Жыл өткен сайын оны насихаттау аясы кеңейіп, жастар спорттық өмірге көптеп тартылуда. Спорт пен дене шынықтыруды тұлғаны тәрбиелеу құралы ретінде қарастыра отырып, оның жан-жақтылығын ескеру қажет. Спорт тек физикалық жағынан дамыту құралы ғана емес, сонымен бірге ол денсаулықты жақсартуға көмектеседі, қоғамда бейімделуге және өзінің әлеуметтік белсенділігін көрсетуге септігін тигізеді, сонымен қатар бос уақытты тиімді ұйымдастыруда таптырмас әдіс.

Масаншы ауылының балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының халықаралық дәрежедегі кикбоксинг жаттықтырушы-нұсқаушысы Исмар Люшанло еңбекке жанын салып, балалармен бірге жаттыға отырып, шәкірттерін  жетістіктерге жетелейді, олардың ерік-жігерін арттырып, өзіне деген сенімділік, мінез-құлық сияқты қасиеттерін дамытуға өз үлесін қосуда.

Жақында Қырғыз Республикасында спорттың әр түрінен  VII халықаралық «Жемчужина Кыргызстана» фестивалі өтті. Спорттық шараға Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 400-ден астам спортшы қатысты. Айта кетерлігі, фестивальге Масаншы ауылындағы балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының спортшылары қатысты. Нәтижесінде Азиз Фушанло мен Абдумажид Люшанло 1-орын, Салим Фушанло мен Салим Хива 2-орынды иеленіп, Нұрсұлтан Лемезов қола жүлдегер атанды. Спортшыларды құттықтаған балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры Абдулла Хусезов мұндай жарыстарға деген талпыныс, қажырлы дайындық пен қатысу міндетті түрде лайықты нәтижелер мен жеңістерге жетелейтінін атап өтті. Абдула Сулейманович спортшыларға тоқтап қалмай, биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.

 Алия Ванхошан,  директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.