ЖЕТІСТІККЕ ТОЛЫ ЖЫЛ

0

Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Талай өнер майталмандары түлеп ұшқан ауданымызда мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Өз кезегінде қордайлық өнерпаздар да қарап қалмады. Өткен жылы Қордай аудандық мәдениет үйіне қарасты өнер ұжымдары мен әншілер әртүрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жақсы жетістіктерге жеткен. Солардың бірқатары жайлы айта кетпеске болмас.

Былтырғы наурызда Алматыда «Рауан» халықаралық фестиваль-байқауы өткен, оған ауданымызға танымал «Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблі қатысып, Гран-при жеңіп алып, дипломмен және статуэткамен марапатталды.

Дәстүрлі әнші Ерғат Тәжібаев  Ұлытау облысының Жәйрем кентінде өткен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халық әртісі, дарынды әнші Манарбек Ержановтың 122 жылдығына арналған І республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қатысып қайтқан. Өнерпаз жетекшісі Ұ.Шалабаеваның бастауымен Ұлытау өлкесінен Алғыс хатпен, статуэткамен және ақшалай сыйлықпен оралды.

«Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, ерекше дауысымен елге танылған Балдат Бейсеқожа бұл жолы Қызылорда облысында өткен І Халықаралық «Tugan zher» атты әншілер конкурсында тыңдарманды тәнті етіп, дипломант атанды.

Дүнген халқының әндері мен билерін жаңартып, ерекше әрі жаңа мазмұнда орындап жүрген «Чунтян» ән-би ансамблі көпшілікке танымал. Айтпақшы, «Чунтян» атауы қазақша «көктем» дегенді білдіреді екен. Ұлттық аспаптарда және де заманауи стильде орындаушылығымен көзге түскен өнер ұжымы бұл жолы Тараздағы «Достық» үйінде өткен мерекелік іс-шарада облыс орталығының жұртшылығына өз өнерін паш етті.

Ұлытау облысының Жезқазған қаласында «Жез ішектердің жан сыры» атты  авторлық және бард әндерінің республикалық фестивалі өткен болатын. Жез ішектердің жан сыры шертілген бард әншілердің байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен 20 орындаушы бақ сынаған.  Қордай жерінен осы фестивальге «Қордай» халықтық театрының жетекшісі Аманғали Сәндібек қатысып, «Үздік ансамбль» номинациясында ІІІ-дәрежелі диплом және ақшалай сыйлықпен оралды.

Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында мамыр-қазан айлары аралығында «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндері өткені естеріңізде болар. Осында шара аясында аудан орталығындағы стадионда үлкен шара ұйымдастырылып, қордайлықтар барынша атсалысқан еді. Қараша айында облыс орталығында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндерінің қорытындысы шығарылып, Қордай жүлделі ІІ орынды жеңгені жария етілді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев біздің аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайға автокөліктің кілтін табыс етті.

Ал жас әнші Айдай Жанай Т.Рысқұлов ауданының 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Келші Құланға» атты V облыстық әншілер байқауында жүлделі І орынды жеңіп алды. Айтпақшы, Айдай марапатты қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері әрі Қазақстан Республикасы Президенті оркестрінің жетекші әншісі Досымжан Таңатаровтың қолынан алды.

Құттықтаймыз және барша өнерпаздарға бағындырар биіктеріңіз әлі де көп болсын деп тілейміз.

Алуа ТҰРҒАНБАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.